«Қанға мұқтаждық жоқ» – Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы
Алматыдағы қан тапсыру орталығының алдында ұзын-сонар кезек қалыптасқан
Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ұшақ апатынан зардап шеккендерге тиісті көмектің көрсетіліп жатқанын мәлімдеді. Дәрігерлердің айтуынша, қалада қан қоры жеткілікті, оған мұқтаждық жоқ деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Осыған қарамастан жараланғандарға көмектескісі келгендер қан тапсыру орталығына таңнан бері ағылып жатыр. Кезекке тұрған жүздеген жан орталықта қан қоры жеткілікті болса да үйлеріне қайтар емес.
Бүгінге дейін Алматыда 200-ден аса адам қан тапсырып үлгерген. Кезекке тұрған адамдарды дәрігерлер қабылдап үлгере алмай жатыр.
«Қайғылы жағдайға бей-жай қарай алмадым. Қан тапсыруға келдім. Бірақ, дәрігерлер тамырың жіңішке, тапсырмасаң да болады деді. Алайда, мен қан тапсырмай кетпеймін. Қайғылы жағдайға көмек көрсету әрбір адамның азаматтық міндеті. Біз бір-бірімізге бауырмыз», - дейді Алматы қаласының тұрғыны Әсел Рамаданова.
«Жаңалықты естіп қарап отыра алмадым. Екі балам бар. Оларды қалдырып осында қан өткізейін деп тұрмын. Бір сағаттай болды кезек күтіп тұрғаныма. Өте қайғылы жағдай», - дейді тағы бір алматылық Толғанай Әділова.
Дәрігерлердің айтуынша, кезегін күтіп тұрғандардың бәрінен қан алынбайды. Алдымен олардан сараптама алынып, қаны жарамды болса ғана аппартқа жатқызылады.
«Бізге дәл осы орталыққа бір сағаттың ішінде 44 адам қан тапсырды. Сыртта шамамен 150 адамдай кезекте тұр. Бізге ауурханалардан қан керек деген сұраныс түскен жоқ. Жарақаттанғандар түскен ауруханалардан да тапсырыс түспеді. Қан бұрыннан жеткілікті болған. Ол ауруханаларда екі күндік қан қоры тұрады. Содан құйып жатқан болуы керек», - деді «Қалалық қан орталығы» МКМ бөлім меңгерушісі Әсел Керейбаева.
Еске салайық, бүгін таңертең Алматы іргесіндегі Әлмерек ауылының маңында Bek Air әуе компаниясына тиесілі ұшақ құлады. ҚР ІІМ мәліметінше, 12 адам қаза тапқан. Дәрігерлер 51 адамның түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізіліп, оларға көмек көрсетілгенін айтты.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы