ШұғылҚазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсті

Ұшақ апаты: 15 адам қаза тапты, 12 адам зардап шеккен

Бортта 93 жолаушы, 5 экипаж мүшесі болған

Алматы облысындағы ұшақ апатында қаза тапқандар туралы соңғы дерекпен ҚР ИИДМ бөлісті.

«Қазіргі уақытта қаза болғандар саны 15 адам, зардап шеккендер саны 12 адам (8 ересек, 4 бала). ҚР Премьер-Министрі Үкімет комиссиясын басқарды.  Комиссия құрамында Премьер-Министрдің орынбасары, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері бар»,- делінген хабарламада.

Алдын ала мәліметтер бойынша, бортта 93 жолаушы, 5 экипаж мүшесі болған.  Әуе кемесінің ұшуға жарамдылығы сертификаты 2019 жылы мамырда берілді. Борттың шығарылған күні 1996 жылдың сәуір айы. Қазақстандық тізілімде 2016 жылғы 26 тамызда тіркелген (куәлік нөмірі 940). Bek air авиакомпаниясында 9 борт тіркелген. Оқиғаның егжей-тегжейлі жағдайлары мен себептері анықталады. Қазіргі уақытта пайдаланушы сертификатын және Bek air авиакомпаниясының ұшу жарамдылығын Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тоқтатты.

Еске салайақ, бүгін 2019 жылғы 27 желтоқсанда сағат 07:22-де Алматы-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша Бэк эйр әуекомпаниясының №Z2100 рейсі, Fokker-100 ұшағы ұшып көтерілу кезінде биіктіктен айырылып, бетонды қоршауды сындырған. Алматы облысы Талғар ауданы аумағында Гүлдала мен Әлмерек елді мекендері арасындағы екі қабатты құрылыспен қақтығыс орын алды. Дереу құтқару жұмыстары басталды, өрт болған жоқ. Медициналық көмек көрсету үшін 40 жедел жәрдем бригадасы аттанды.