Ксения Собчак «Қазақстанда орыс тіліне шектеу жасалды» деп даурығатын ресейлік депутаттарға мән бермеуге шақырды
Журналист Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан Еуразия Медиа Форумына спикер ретінде келген
Танымал тележурналист Ксения Собчак сайлау науқанында патриоттық сезімдері оянып, орыс тілінің Қазақстандағы мәртебесін еске алатын ресейлік депутаттарға назар аудармау керек дейді. «Жетінші» арнаның «Оян, Qazaqstan» бағдарламасына сұхбат берген журналист «бұл мәселе сайлаудан кейін басылады» деген пікір айтты.
«Бұл жағдайға тіпті назар аудармас едім. Әр сайлау науқаны басталар кезде осы сұраққа ден қойып, патриоттық сезімді оятуға тырысады. Сіздерге мұның қатысы жоқ. Мұндай әрекеттер ресейлік дауыс берушілерге әлемдегі «әр орыстың мұңын тыңдаймыз» дегенді көрсету мақсатында жасалады. Сайлауға үш күн қалды ма? Демек, бір аптадан кейін бұл тақырып жабылады. Осы мәселе көтерілген мезгілдерді қарасаңыз, әрдайым сайлаумен тұспа-тұс келеді»,-деді Собчак.
Еске салсақ, соңғы бір айда ресейлік басылымдар Орта Азия елдеріндегі орыстарға көрсетілетін «тілдік қысым» туралы жаппай жазды. Аталған қолдан жасалған саяси дау аясында Қазақстандағы «Тіл майданы» қозғалысының басшысы Қуат Ахметовке Ресейге 50 жыл бойына кіруге тыйым салынды.