Моңғолияның қор нарығы жыл басынан бері 130 пайызға өсті – Bloomberg
Осы жылдың бірінші жартыжылдығында елдің ЖІӨ 65,3%-ға өскен
Моңғолияның қор нарығы 2021 жылы күрт өсті. Ол тіпті америкалық, еуропалық және азиялық нарықтарды басып озды, деп хабарлайды Bloomberg.
Жер бетіндегі ең халқы аз Моңғолиядағы 20 компанияның индексі жыл басынан бері 130 пайызға жуық өсті. Қазіргі уақытта бұл - акциялардың негізгі индекстерінің ішіндегі ең жақсы көрсеткіш. Bloomberg мұндай көрсеткішті коронавирус пандемиясы кезіндегі криптоволюта мен GameStop акциясының артуымен салыстырып отыр.
Алайда, сарапшылар Моңғол биржасының болашағы зор деп санайды.
«Моңғолияның акциялар нарығының шарықтап өсу мүмкіндігі бар. Себебі олар ең төменгі базадан өсіп келеді», – деді алтын мен мыс барлау ісімен айналысатын канадалық Erdene Resource Development компаниясының вице-президенті Билгуун Анхбаяр.
Bloomberg мұндай көрсеткіштің басты себептерінің бірі Моңғолия экономикасының жылдам қалпына келуімен байланыстырып отыр: 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында елдің ЖІӨ 65,3%-ға өсті. Оған Қытаймен көршілес болуы, шикізат тауарларының, әсіресе мыс пен көмірдің экспорты септігін тигізген.
Ал екінші жағынан, кейбір сарапшылардың пікірінше, күрт өсу уақытша болуы мүмкін. Mongolia International Capital Corp брокері Ангараг Бьямбажав ел үкіметінің пандемия әсерін жеңілдету үшін жасалған шараларынан кейін тұрғындарда қолма-қол ақшаның көп болуы, сондықтан бұл оң нәтиже ұзаққа бармауы мүмкін деген пікірін білдірді. «Нарық міндетті түрде түзетіледі. Түзету жұмысы тіпті басталып кетті деп те ойлаймыз», деп түсіндірді ол.
Моңғолияның акциялары мұндай жақсы нәтижені осыған дейін де көрсеткен. MSE Top 20 бақылау көрсеткіші 2007 жылы 400%-ға, 2010 жылы тағы 138%-ға өскен. Алайда осыдан кейін Моңғолияның қор нарығы 2012 жылдан 2016 жылға дейін шығыны мол уақытты бастан кешкен.