COVID–19-дан кейінгі өкпе фиброзы, тахикардия мен жүрек-қан тамыр ауруларында не істеген жөн?
Көпшілікті алаңдатқан сұрақтарға отбасылық дәрігерлер Ассоциациясының маманы жауап берді
COVID–19 вирусынан кейінгі синдром - бұл жаңа коронавирустық инфекциядан кейін үш немесе одан да көп айға созылатын адам ағзасындағы ұзақ мерзімді патологиялық көріністер. Негізгі белгілерге әлсіздік, кеудедегі ауырлық, демігу, бас, буын және бұлшықет ауруы, ұйқының бұзылуы, депрессия, терморегуляцияның бұзылуы және т.б. жатады. Емдеу симптоматикалық фармакотерапияны, оңалтуды (ЕДШ, тыныс алу гимнастикасы, мультивитаминдер, физиотерапия) қамтиды.
Лонг-ковид – қазіргі терапевтік тәжірибеде әлі зерттеліп келе жатқан құбылыс. Әлемдік статистика КВИ-мен ауырғандардың 10-20% ковидтен кейінгі синдром белгілері бар екенін көрсетіп отыр. Дәрігерлердің айтуынша, соңғы бір жылдықта өкпе фиброзы, жүрек қысуы, құрғақ жөтел, әлсіздік, шаш түсу мазалайтынын айтып, пульмонолог, кардиолог және терапевт мамандардың қарауына жазылушылар қатары күрт көбейген.
Azattyq Rýhy тілшісі ковидтен кейінгі синдромға шалдыққан адамдарды мазалайтын сұрақтарды Медицина ғылымдарының кандидаты, отбасылық дәрігер Әлия Айшағырқызына қойды.
COVID–19 ВИРУСЫНАН КЕЙІНГІ ӨКПЕ ФИБРОЗЫ
Фиброз – өкпенің дәнекер тінінің шамадан тыс өсуіне байланысты газды алмастыра алмауы. Оның қаншалықты қауіпті екені фиброздың күрделілік дәрежесіне байланысты. Ковидтен кейінгі өкпе фиброзы, жүрек аурулары көп адамдарда бір жылдан кейін шығып жатыр. Кейбір денсаулығы мықтыларда, пневмонияға шалдықпағандарда ешқандай ковидтен кейінгі синдром байқалмайды. Және ол байқалған күнде де қатты паникаға беріліп, үрейленудің қажеті жоқ. Тек науқас оңалтудан өтіп, ағзасын қалпына келтіруді қолға алуы тиіс.
Жалпы өкпеміздің резервтік қабілеті өте маңызды. Салыстырмалы түрде қарасақ, аз өзгерісті көрсететін жергілікті фиброз өкпенің жұмысына әсер етпейді. Осыған байланысты адам аурудың жағымсыз салдарын сезбейді. Әрине, кең тараған фиброз кезінде өкпенің едәуір бөлігі газ алмасуға қатыспайды. Соның кесірінен адам жаттығу кезінде және тіпті тынығу кезінде де ентігеді. Өкпенің созылмалы ауруларын, мысалы, ӨCOА (өкпенің созылмалы обструктивті ауруы), тыныс алу жеткіліксіздігін фиброз күшейте түседі.
ӨКПЕ ФИБРОЗЫНАН ЖАЗЫЛУ МҮМКІН БЕ?
Компьютерлік томографияның нәтижесіне қарап қатты қорықпаңыз. Мәселе пациенттің өзін қалай сезінуіне байланысты. Егер адам өкпесіндегі дақ көлемі кішкентай ғана болатын болса, оның өкпе функциясына кері әсері аз. Фиброз – өкпе тініндегі қайтымсыз өзгеріс. Өкпедегі басқа өзгерістер емес, дәл фиброз анықталса, онда оны «емдеуге» болмайды. Пациент өкпе ішіндегі бұл процесті күшейтпеуге ғана күш салады. Яғни темекі шегуден бас тарту, темекі түтінін, ластаушы заттарды жұтудан, суық тигізуден, COVID–19 немесе ЖРВИ инфекциясын жұқтырудан аулақ болуы керек. Бұл іс-шаралар аурудың бірінші жылында ерекше маңызды.
ӨКПЕ ФИБРОЗЫНДА ФИЗИКАЛЫҚ ЖАТТЫҒУЛАР
Фиброзда физикалық жаттығулармен айналысуға, спортпен шұғылдануға болады. Тіпті, міндетті түрде айналысуыңыз қажет дер едім. Алайда физикалық жаттығуды біртіндеп бастаған жөн. Тәніңізге бірден ауыр салмақ салуға болмайды. Емдік тыныс алу жаттығулары, жаяу жүру, суда жүзу өкпе, тыныс алу жолдары үшін пайдалы. Физикалық жаттығуларға төзімді бола түскен сайын, біртіндеп бұрынғы спорт кестесіне оралуға болады.
COVID-19 КЕЙІНГІ ТАХИКАРДИЯ
COVID-19 ауруын тудыратын вирус мүшелер мен жүйелердің, оның ішінде жүрек-қан тамырлар жүйесін зақымдайды. Сондықтан, созылмалы жүрек ауруларымен ауыратын адамдарда бұл індет ауыр ағыммен өтеді. Егер вирустық инфекция кезінде адамдардың созылмалы аурулары тұрақты (асқынбай) түрде өтсе, онда COVID-19 фонында және одан кейінгі кезеңде жиі тұрақсыздануы, яғни, үнемі қабылданатын терапия фонында ауру ағымының нашарлауы байқалады. Ғалымдар мен дәрігерлердің бақылаулары бойынша, КВИ-мен ауырған кезде жүректің, атап айтқанда, жүрек бұлшық еттері немесе жүректегі бұлшық етті қанмен қамтитын тамырларды немесе жүрек қызметінің ырғағы үшін жауапты жүрек құрылымының зақымдануы жиі орын алуда. Коронавирус жұқпа асқынулардың клиникалық көріністерінде: жүректің жиі соғуы, тез шаршағыштық, әдеттегі физикалық жүктемелерге төзе алмаушылық, жүрек тұсының ауырсынуы немесе жағымсыз сезіну, жүректің шалыс соғуы болуы мүмкін. Сонымен қатар, жүрек қағуы ауыр интоксикалық синдроммен қоса жүрген кез келген вирустық жұқпаның қалған синдромы ретінде қаралуы мүмкін. Мұндай симптом ағза толығымен қалпына келгенше біртіндеп кетуі тиіс. Егер сізді үнемі тахикардия мазаласа, тұрғылықты жеріңіздегі емхананың кардиолог маманға жүгінген жөн (тиісті зерттеулерді жүргізеді - ЭКГ, ЭхоКГ және т. б.).
КОРОНАВИРУСҚА ҚАТЕ ТАҒАЙЫНДАЛҒАН ЕМНЕН БАУЫРДЫҢ ЗАҚЫМДАЛУЫ
COVID-19 кезінде препараттарды дұрыс қолданбағанда бауырдың дәрілік-ықпалдандырылған зақымдану процесі дамуы мүмкін. Әдетте, бұл жағдай, дәрілерді мөлшерден тым көп қабылдаудан дамиды. Ковидке шалдыққан науқастарда бауырдың уытты зақымдануын қызуды басатын, вирусқа қарсы препараттар және антибиотиктер тудыруы мүмкін. Қызуды басатындардан: парацетамол, диклофенак, ибупрофен, нимесулид, антибиотиктерден - амоксициллин-клавуланат, эритромицин, азитромицин, гепарин, фторхинолон (левофлоксацин, офлоксацин) және барлық вирусқа қарсы препараттар. Белгілі болғандай, әдетте тұрмыста қолданылатын және дәріханадан рецептісіз берілетін (мысалы, парацетамол) препараттар бауырға зақым келтіруі мүмкін.
Айта кету керек, бауырдың зақымдануы дәрі-дәрмек химиялық препараттармен ғана емес, сонымен бірге биологиялық белсенді қоспалармен (БАД), сондай-ақ өсімдік тектес заттардан туындауы мүмкін. Бауырдың уытты зақымдануы жүректің айнуы, құсу, тәбеттің болмауы, әлсіздік, бастың ауруы, ұйқышылдық, іштің ауруы сияқты белгілермен байқалады. Сарғаю (тері ,шырыш, нәжіс, зәрдің түстерінің өзгеруі), терінің қышуы, терідегі бөртпелер, қан кету байқалуы мүмкін. Ауыр жағдайларда бауыр комасының белгілері дамиды және соңы өліммен аяқталады. Қан анализінде АЛТ, АСТ, билирубин, сілтілі фосфотаза сияқты «бауыр» көрсеткіштердің едәуір арттыруы байқалады. Ковидке шалдыққан науқастарда бауырдың дәрілік зақымдану симптомдары бірден анықталмауы мүмкін, өйткені, олар жиі вирустық интоксикацияның көріністері ретінде байқалып жатады.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан