Семейлік педагог әлемнің үздік 50 ұстазының қатарына енді

Асхат Жұмабеков - Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәні мұғалімі

Семейлік педагог Асхат Жұмабеков әлемнің үздік 50 ұстазының қатарына енді. «Варке» қоры «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығына үміткер атанған үздік 50 мұғалімнің  есімін жаниялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Жаһандық сыйлық финалистерінің қатарына Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәні мұғалімі Асхат Жұмабеков те еніп отыр. Бұл - Қазақстан тарихындағы алғашқы оқиға. Ол халықаралық байқауда ел намысын қорғайтын жалғыз ұстаз.  

Global Teacher Prize 2021 сыйлығының үздік тізіміне енгендер әлемнің 121 мемлекетінен 8000 –нан астам номинация бойынша сынға түскендер арасынан іріктеліп алынған. 32 жастағы мұғалім бұл мәртебеге жету үшін 2018 жылдан бері тынымсыз еңбек етіп келеді. Сол жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ қарасты 20 мектеп ұстаздарының арасында 1 орынды жеңіп алып,  републикалық кезеңге өтіп ҚР БҒМ «Үздік педагог» атағына да ие болды. Ал 2019 жылы «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығының номинанты атанды.

«Мен «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығына қатысуды 2020 жылдың күзінде бастағанмын. Байқау бірнеше кезеңдерден тұрды. Әлемнің әр қиырынан мыңдаған өтініш қабылданды. Осыдан-ақ шараны ұйымдастырушылардың атқарған жұмыстарының аз болмағанын көруімізге болады. «Варке» қорына мені үздік 50 мұғалімнің қатарына қосқандары мен ұстаздарға дәл осындай мүмкіндік бергендері үшін алғысымды білдіргім келеді», - дейді Асхат Жұмабеков.

Асхат Жұмабеков – «Болашақ» бағдарламасының 2016 жылғы түлегі. 3 кітаптың, 5 авторлық құқықтың елуден астам ғылыми жұмыс пен мақаланың авторы. Еңбектері Қазақстан, Ресей, Финляндия, Ұлыбритания,  Украина мемлекеттеріндегі журналдарында, жинақтарда, газеттерде жарық көрген. Шәкірттері «Туймаада», Жәутіков, Дарын, Оңтүстік Кореяда өткен «Молодой учёный» сынды республикалық, халықаралық олимпиадалардың,ғылыми жобалардың  жүлдегерлері. Ол дәріс берген түлектердің арасында Назарбаев университеті,Гонконг политехникалық университеті, Абу-дабидегі Нью-Йорк университетінен бөлек АҚШ пен Ресей, Еуропаның танымал оқу орындарының грант иегерлері бар. 

Мұғалімдердің жаһандық сыйлығы мамандыққа ерекше үлес қосқан ерекше бір мұғалімді тану және мұғалімдердің қоғамдағы маңызды рөлін көрсету үшін құрылды. Сыйлық өмірлерін өзгерткен жастардың ерлік істерін аша түседі.

«Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығы ұстаздардың маңызын арттыра отырып, олардың күш -жігерін бүкіл әлем мойындауға лайықты екенін көрсетуге арналған.

Сыйлық ең үздік мұғалімдердің оқушыларға ғана емес, сонымен бірге олардың айналасындағы қоғамға әсерін көрсетуге бағытталған. 1 млн АҚШ доллары шамасындағы сыйақы жыл сайын өз мамандығына ерекше үлес қосқан мұғалімге беріледі.

Эльмира Мәмбетқызы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.