Алматыда 70-тен астам футбол алаңы ескіріп кеткен
Қаладағы футбол алаңдары түгелдей модернизацияланбақ
Алматыда 70-тен астам футбол алаңы ескірген. Қала әкімдігінің мәліметінше, жаңалауды талап ететін спорттық алаңдардың барлығы мектептердің жанында орналасқан. Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау барысында футбол алаңдары түгелдей модернизацияланбақ. Былтырдан бері тек төрт қана спорт алаңы жаңартылған. Әкімдік онда да жеке кәсіпкерлердің көмегіне жүгінген.
«Ол үшін жалпықалалық спорт инфрақұрылымынан бөлек мектеп жанындағы спорт аймағының әлеуетін дамытамыз. Өткен 2020-2021 жылдары оқу жылында МЖӘ аясында мектеп жанындағы 4 спорт алаңы жаңғыртылды. Биыл жыл соңына дейін 61 мектептің жанындағы спорт нысанын жаңғыртуды аяқтаймыз. Онда 73 футбол, 63 волейбол мен баскетбол алаңы, сондай-ақ, воркаут-аймақтар мен жүгіру жолдары бар», – деді Б. Сағынтаев.
Айта кетейік, Алматыда жаңа оқу жылында мектептерге 301 171 оқушы барды. Мемлекеттік мектептерде 280 458 балалар мен жасөспірімдер білім алуда, ал жекеменшік мектептердегі оқушы саны – 20 713. Мемлекеттік мектептерде бірінші сынып оқушыларының саны 3 мыңға жуық өсті. 1-сыныптарда 30 751 оқушы білім алып жатыр.