Түркістан облысында 100 мың бала балабақшасыз, 20 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін – Мәжіліс депутаты
Бүгінгі таңда облыс бойынша 23,5 млрд теңге қаржы тапшылығы туындап отыр
Түркістан облысында жекеменшік балабақшалардағы жан басына қаржыландыру мәселесі республика бойынша ең төменгі мөлшерде, яғни 25 582 теңгені құрайды. Балабақша қызметкерлерінің айлық жалақысы 42 500 - 70 000 теңге аралығында, қызметкерлердің 50%-дан астамы көп балалы және аз қамтылған отбасылар. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев төменгі палатаның жалпы отырысында айтты.
Алайда бұл Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы бойынша балабақшалардағы жан басына қаржыландыру есебі ауылдық жерде - 41 053 теңгені, қалалық жерде - 37 527 теңгені құрауы тиіс.
«Түркістан облысы бойынша бүгінгі таңда 1024 жекеменшік балабақшалар жұмыс істейді, яғни облыс бойынша 72% -ды қамтиды, осы балабақшаларда – 115 мыңнан астам (74%) бала тәрбиеленуде. 50 мың бала аз қамтылған, жиырма бес мың бір жүз (25 100) бала көпбалалы отбасынан келеді. Жекеменшік балабақшаларда 36 840 адам тұрғылықты жұмыспен қамтылған, оның он тоғыз мыңнан астамы (19 004) педагог қызметкерлері мен тәрбиешілер», - деді Мәжіліс депутаты.
Түркістан облысы бойынша, жергілікті бюджеттен қаржы тапшылығына байланысты педагогтердің жалақысының өсуіне қарамастан жан басына қаржыландырудың мөлшеріне қосымша қаржы қарастырылмаған екен. Осының салдарынан бүгінгі таңда облыс бойынша 23,5 млрд теңге қаржы тапшылығы туындап отыр. Фахриддин Қаратаевтың айтуынша, жергілікті атқарушы органдар бұл қаржыны жергілікті бюджеттен төлеуге мүмкіндіктері жоқ.
«Бұл мәселені жекеменшік балабақша басшылары 3 жылдан бері көтеріп, барлық атқарушы мемлекеттік органдарға хат жолдаған, алайда осы күнге дейін мәселенің шешімі табылмады. Жан басына қаржыландыру мемлекеттік білім тапсырмасын орындау үшін Түркістан облысы бойынша 23,5 млрд теңгеге тапсырыс берілген. Бірақ республикалық бюджеттік комиссияның 2021 жылғы 20 сәуірдегі №9 шешімімен бұл шығыстар қолдау таппады. Егер бұл мәселе биыл да шешімін таппаса, кәсіпкерлер қыркүйек айында жаппай жұмыстарын амалсыз тоқтататынын айтуда, ол кезде тағыда 100 мың бала балабақшасыз, 20 мың адам жұмыссыз қалу ықтималы бар», - деп нақтылады халық қалаулысы.
Мәжіліс депутаттары аталған мәселеге қатысты сауалды Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдай отырып, қаржыландыру жұмыстарының шешімін тезірек реттеуді сұрады.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан