Елордадағы балалар үйінен 26 миллион теңге жымқырылған
Компанияның нақты иесі бас бухгалтердің бұрынғы жұбайы болып шықты
«Qamqor» жедел алдын алу іс-шарасы аясында Нұр-Сұлтан қаласындағы балалар үйлерінің бірінде жетім балаларға азық-түлік сатып алуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Тергеу барысында осы мекеменің директоры мен бас бухгалтерінің сатып алу ережелері бойынша процедураларды өткізбей, басқаруындағы үлестес кәсіпорынмен азық-түлік жеткізуге шарттар жасағандығы анықталды. Компанияның нақты иесі - бас бухгалтердің бұрынғы жұбайы.
2019-2020 жылдар кезеңінде жасалған шарттар бойынша лауазымды тұлғалар аталған компания арқылы бөлінген 130 млн теңге бюджет қаражатынан жетім балаларға азық-түлік сатып алуға бөлінген 25,9 миллион теңгені жымқырған.
Қазір бұл жағдайға қатысты тергеу жалғасып жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етуге жатпайды.