Кабулдегі теракт: Тоқаев АҚШ президентіне көңіл айтты
Ауғанстандағы террорлық шабуыл салдарынан қаза тапқандар саны 100-ден асты
Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Джо Байденге Кабул әуежайындағы террорлық шабуыл салдарынан әскери қызметшілердің қайтыс болуына байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Қазақстан халқының атынан АҚШ президенті Байденге және Америка халқына Кабул халықаралық әуежайындағы террорлық шабуыл салдарынан АҚШ әскери қызметшілерінің арасында көптеген адам қаза тапқаны және жараланғаны үшін шын жүректен көңіл айтамын.
АҚШ тарихтағы ең қиын эвакуациялық әуе операцияларының бірін лайықты түрде аяқтайды деп сенемін. Қазақстан терроризммен күресте халықаралық әріптестермен күш біріктіруді бұрынғыдай жалғастыра береді», - деп жазды Мемлекет басшысы Twitter-де.
Еске салайық, 26 тамызда Кабулдағы жарылыстар кезінде қаза тапқандар саны 110 адамнан асты. Оның ішінде америкалық әскери қызметкерлер саны 13 адамды құрады.
Кеше Кабул әуежайы ғимаратының жанында екі жарылыс болды. Ауғанстан билігіне келген «Талибан» қозғалысы (Қазақстанда тыйым салынған) бұл шабуылды жасаған топ жауап беретінін айтты. Al Jazeera телеарнасы «Ислам мемлекеті» террористік ұйымын (Қазақстанда тыйым салынған) бірінші жарылысқа айыпты деп хабарлады.