Солтүстік Қазақстанда сібір жарасының ошағы тіркелді
Бұл – жануарлар мен адамдар үшін аса қауіпті жұқпалы ауру
Солтүстік Қазақстанда сібір жарасының ошағы тіркелді. Қара малдан күйдіргі ауруын жұқтырған Ақжар ауданына қарасты Горьковское ауылының тұрғыны ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Сібір жарасының ошағы тіркелген Ақжар ауданындағы Горьковское елді мекенінде карантиндік шаралар жүзеге асырылуда. Сырқатпен қарым-қатынас жасаған 57 адам дәрігерлер бақылауына алынды. Олар екі апта бойы күн сайын клиникалық тексеруден өтеді. Науқастың қауіпті дертті қара малдан жұқтырғаны белгілі болды.
«Ақжар ауданы Горький ауылының тұрғыны медициналық мекемеге қолының ұшы ісіп, терісі сарғайып, үлділеп қалғанына шағымданған. Науқастың айтуынша, түнде ауырған. Ол ауруханаға жатқызылды. ПТР әдісімен зерттеу кезінде күйдіргі ауруының қоздырғшының ДНК-сы анықталған. Ауру ошағында байланыста болған тұрғындар анықталды. Аурудың алдын-алу мақсатында оларға шұғыл түрде антибиотиктер тағайындалды. Ауру ошағы залалсыздандырылды. Жеке шаруашылықтардың бірінде қара мал сою кезінде науқастың қолында ешқандай да қорғаныш құралы болмағаны анықталды. Резеңке қолғап киюі тиіс еді. Сол кезде жұқтырып алған. Бұл ауру адамдар үшін де мал үшін де аса қауіпті», - дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов.
Мониторинг шеңберінде СҚО бойынша Ұлттық сараптама орталығы филиалының мамандары зертханалық зерттеу үшін мал сойылған орнында 5 нүктеде топырақтың 8 сынамасын, судың 1 сынамасын, жануар ұсталған қоршаудан 1 сынамасын іріктеп алды. Материал сараптамаға жіберілді, әзірге нәтижесі белгісіз.
«КҮЙДІРГІ» ДЕГЕН НЕ? ЖҰҚТЫРУ ЖОЛДАРЫ ҚАНДАЙ?
Сібір жарасы – жануарлар мен адамдар үшін аса қауіпті жұқпалы ауру. Көбіне ауыр өтеді және өліммен аяқталатын кездері бар. Күйдіргі бактериясы оттегімен қосылған кезде теріде тесіктер пайда болады. Жануарлар үшін күйдіргінің көзі – ауруды тудыратын микробтар. Олар топырақта ондаған жылдар бойы сақталуы мүмкін және белгілі бір жағдайларда көбейе алады.
«Жануарлардың инфекцияны көбіне оттаған кезде жұқтырады. Инфекция сонымен қатар құрғақшылық пен шөп аз шыққан кезде белең алады. Өйткені шөппен қоректенетін жануарлар оттағанда ішке топырақ та кетуі мүмкін. Адамдар үшін инфекция көзі – ауру мал. Инкубациялық кезең, яғни инфекция жұққан сәтінен бастап алғашқы белгілердің пайда болуына дейінгі уақыт бірнеше сағаттан бір аптаға дейін жалғасуы мүмкін. Көбіне бұл кезең 2-3 күнге созылады. Адамдардың инфекцияны жұқтыруы, ауру жануарлармен және олардан алынған шикізатпен, қоршаған орта объектілерімен тікелей байланыс кезінде болады. Көбінесе адамдар ауру жануарларды күту, оларды мәжбүрлеп сою және ет өңдеу кезінде, ветеринариялық - санитариялық ережелерді сақтамаған кезде жануарлардың терісімен, жүнмен, қылшықпен, сүйекпен жұмыс істеу кезінде жұқтырады», - дейді СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аса қауіпті инфекциялар мен туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Толқын Кәженова.
ӨҢІРДЕ СІБІР ЖАРАСЫНЫҢ ҚОРЫМДАРЫ ҚОРШАЛМАҒАН
Солтүстік Қазақстан облысында адамның күйдіргімен ауруының соңғы жағдайы 1994 жылы тіркелген еді. Тимирязев ауданынның тұрғыны науқастанған. Ал жануарлар 1995 жылдан бері ауырмаған. Дегенмен, биыл сібір жарасымен ауыру жағдайлары көрші Қостанай облысында тіркелді, онда алдымен мал ауруының бірлі-жарым жағдайлары анықталды. Кейін ауру ошағын жою бойынша іс-шараларға қатысқан 3 адамның науқастанғаны белгілі болды. 2016 жылғы деректер бойынша Солтүстік Қазақстан облысындағы кейбір сібір жарасы қорымдары тиісті түрде қоршалмаған. Өңір аумағында барлығы осындай 161 нысан бар.
«Ауырған мал жайылым учаскесі Горький ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 11 шақырым жерде орналасқан. Аталған учаскеде әулиекөл тұқымды 700-ге жуық ірі-қара жайылады. Өңірде сібір жарасына қарсы егу ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында жүргізілді. Ең жақын сібір жарасы көміндісі ошақ пайда болған жайылымнан 23 шақырым жерде орналасқан. Ауру ошағының пайда болуының бұрынғы көмінділерге қатысы жоқ. Зертханалық зерттеулер нәтижесінде патологиялық материал сынамаларынан күйдіргінің қоздырғышы табылды. Дереу ауылдық округ әкімі «Ақ-ниет Агро және К» серіктестігінің мал жайылым учаскесіне карантин белгілеу туралы шешім қабылдады. Ауруды жою бойынша кешенді іс-шаралар жоспары әзірленді», - дейді СҚО ветеринария басқармасы бастығының орынбасары Олжас Болыспаев.
Мамандардың айтуынша, қауіпті аймақтағы ірі-қара күн сайн ветеринарлық тексерістен өтеді. Ауданда әзірге басқа жануарлардың сібір жарасынан өлу фактісі тіркелген жоқ. Сауықтыру шаралары жүзеге асырылуда.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО