Жарылыс болған базада Арыстан шығарылған оқ-дәрілер сақталған – Қорғаныс министрі
Жамбыл облысында болған жарылыстан 4 әскери қызметші қаза тапты

Жамбыл облысындағы әскери базада Арыстан шығарылған инженерлік оқ-дәрілер сақталған. Бұл туралы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Онда тек инженерлік оқ-дәрілер сақталғанын айта кету керек. Олардың бір бөлігі екі жыл бұрын экспортталды. Инженерлік оқ-дәрілер жарылыс кезінде ұзақ қашықтыққа ұшатындығымен ерекшеленеді. Бұл базада ең қауіпті деген оқ-дәрілер саны аз болды. Осы базада екі жыл бұрын Арыс қаласынан шығарылған инженерлік оқ-дәрілер сақталған», - деді Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев.
26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі қоймалардың бірінің жанында өрт шықты. Қорғаныс министрлігі хабарлауынша, барлығы 10-ға жуық жарылыс болған. Салдарынан 4 әскери қызметші қаза тапты, ауруханаға түскендердің ішінде 6 адамның жағдайы ауыр. Сонымен бірге, із-түссіз жоғалып кеткендер де бар.
Еске салайық, 2019 жылы 24-маусымда Арыс қаласындағы қару-жарақ сақталған қоймада бірнеше күн қатарынан жарылыс болып, 200-ден астам адам түрлі жарақат алған. Төрт адам мерт болды. Мыңдаған тұрғынның үйі зақымданып, 40 мыңнан астам тұрғын Шымкент пен төңіректегі ауылдарға эвакуацияланған болатын.