Жамбыл облысындағы жарылыстан қаза тапқан төрт әскеридің есімі аталды

Сонымен қатар, апат кезінде жоғалып кеткендер бар

Жамбыл облысындағы жарылыстан қаза тапқан төрт әскеридің есімі аталды
скриншот: видео

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Жамбыл облысында жарылыс кезінде қаза тапқан 4 әскери қызметші туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Министрдің айтуынша, Тараз маңындағы жарылыс салдарын жою кезінде төрт әскери қызметші қаза тапқан.

«Бұл полковник Хапезов, келісімшарт бойынша қызмет еткен сержант Мишенбаев, келісімшарт бойынша ефрейтор Жанболатов және әскерилендірілген күзет қызметшісі Далибаев. Әріптестерімнің атынан қаза болғандардың жақындарына көңіл айтамын», - деді министр.

Жамбыл облысындағы инженерлік оқ-дәрілер қоймасында өрт салдарынан келісімшарт бойынша екі әскери қызметші – 1981 жылы туған сержант Марат Сайлауұлы Мешінбай және 1981 жылы туған ефрейтор Руслан Жүрсінбайұлы Жанболатов, 1969 жылы туған әскерилендірілген күзет қызметшісі азамат Оразбек Дайырбекұлы Далибаев қаза тапты. Қаза тапқандардың төртіншісі – Оңтүстік өңірдің әскери прокуроры әділет полковнигі Арман Қапезов.

Сержант Марат Мешінбай мен ефрейтор Руслан Жанболатов өрттің алғашқы минуттарынан бастап әскери бөлімнің өрт сөндіру командасының құрамында болды. Жарылыстардың жанында болып, олар ауыр жарақаттар алды.

Әскерилендірілген күзет қызметшісі Оразбек Далибаев қойманы күзету жөніндегі қарауыл бастығының көмекшісі қызметін атқарды. Қызметтік міндеттерін атқаруда оқ-дәрілердің жарылуы салдарынан қаза тапты.

Министрдің айтуынша, бірнеше адам байланысқа шықпай жатыр және оларды іздеу жұмыстары жүргізілуде.

Еске сала кетейік, өрт Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қойманың жанында 26 тамызда сағат 19.00-де басталған болатын. Біраз уақыттан кейін қызыл жалын жарылысқа ұласты. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, тротил жарылды. Зардап шеккен адамдар саны 66-ға жетті. Қазір жарылыстар тоқтады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.