$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.08.2021, 09:38
Жаңалықтар

Байзақ ауданындағы жарылыс: 6 адамның жағдайы ауыр

Қалалық ауруханада жарақат алған 30-ға жуық адам жатыр

Байзақ ауданындағы жарылыс: 6 адамның жағдайы ауыр
скриншот: видео

Жамбыл облысындағы жарылыстардан кейін қазір қалалық ауруханада әртүрлі жарақатпен 28 адам ем алып жатыр. Оның алтауы ауыр халде. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Уақытша эвакуациялау пунктерінде 171 адам бар, олар үшін қажетті жағдайлар жасалған, таңғы ас берілді.

«32 дәрігер, оның ішінде травматологтар, нейрохирургтер, хирургтар, реаниматологтар және басқа дәрігерлер, 56 орта медициналық қызметкерлер қатысты. Дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген. Облыс орталығында апат аймағынан көшірілгендерге арналған 400-ден астам орын дайындалды. Сонымен қатар, тағы бір мың төсек-орын орналастырылуы мүмкін. Жедел медициналық көмек көрсету үшін 37 бригада, оның ішінде үш медициналық авиация бригадасы жұмылдырылды. Бір бригада Тараз қаласының № 5 мектебінде, бір бригада Байзақ ауданының Базарбай ауылынан бұрын 226 адам эвакуацияланған Тараз политехникалық колледжінде кезекшілік етеді», - деп хабарлады Бердібек Сапарбаев.

Жамбыл облысының Бірыңғай диспетчерлік қызметіне барлығы 473 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 265 өтініш 109 қысқа нөмірі бойынша, 190 өтініш WhatsApp мессенджері арқылы келген.

Өтініштер мына сұрақтарды қамтиды:

  • тұрғындарды эвакуациялау туралы ақпарат;
  • әскери бөлімдегі қойманың жай-күйі (жарылысқа, өртті сөндіруге қатысты ақпарат).

Айта кетерлігі, Жамбыл облысы тұрғындары 109 немесе 8-778-810-91-09 WhatsApp желісіне хабарлама жібере алады. Сонымен қатар, сенім телефоны - 8 (7262) 51-41-67, 8 (7262) 51-37-75 жұмыс істейді.

Еске сала кетейік, өрт Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қойманың жанында 26 тамызда сағат 19.00-де басталған болатын. Біраз уақыттан кейін қызыл жалын жарылысқа ұласты. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, тротил жарылды. Зардап шеккен адамдар саны 66-ға жетті. Қазір жарылыстар тоқтады.

ІІМ Тараз мектептеріне 1200-ге жуық адам эвакуацияланғанын хабарлады.

Байзақ ауданындағы инженерлік оқ-дәрілері бар әскери қоймада бірқатар жарылыстар болған жағдай толығымен бақылауда, деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Серіктес жаңалықтары