Атырау облысы әкімінің экс-орынбасарының қорғаушылары прокурорға қарсылық танытты
Нұрлан Таубаев пен Тимур Басаровқа қатысты сот процесі жалғасуда

Атырауда облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Тимур Басаровқа қатысты сот процесі жалғасуда. «Теңізшевройл» ЖШС-ның «Игілік» бағдарламасының менеджері Омар Әбдиевтен жауап алу аяқталды. Ол процеске қатысушылардың көптеген сұрағына жауап беріп, Құлсарыдағы модульдік аурухана құрылысы туралы құжаттарды ұсынды, деп хабарлайды azh.kz.
Содан кейін сот куәгерді - жәбірленуші жұмыс істейтін ЖШС есепшісін шақырды. Жәбірленушіден, айыптау тарапының жорамалы бойынша, сотталушылар аса ірі көлемде пара алған. Алайда, жауап алу басталмас бұрын сотталушы Нұрлан Таубаев сөз алып:
«Нұр-Сұлтаннан ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері келгенін соттың қаперіне беремін. Олар менің шағымым бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жергілікті қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеру жүргізеді. Өйткені, жергілікті қызмет мен ауырған кезде және ауруханада жатқанда мені азаптады», деді.
Содан кейін адвокат Мұратхан Амитов прокурор Нұржан Жангереевке қарсылық білдіру туралы өтініш берді. Оның айтуынша, осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу барысында процессуалдық прокурорлар Н.Әбілов, С.Жанәбілов, Р.Ғапу тағайындалған. Оларға сотқа дейінгі тергеудің заңдылығын қадағалау және бірінші сатыдағы сотқа қатысу тапсырылды. Сондықтан Жангереевтің бұл сотқа қатысуға құқығы жоқ.
«Мен әріптесімді қолдаймын. Бас прокурордың 06.09.2018 жылғы №113 бұйрығына сәйкес, облыс прокуроры немесе оның орынбасары төменгі сатыдағы прокуратураға белгілі бір іс бойынша мемлекеттік айыптауды қолдауды тапсыруы мүмкін. Жангереев сотқа ешқандай қаулысыз қатысып отыр. Оған мемлекеттік айыптауды қолдауды жүктеу туралы жазбаша құжат болуы керек. Соттан осы мәселені анықтауды сұраймын», - деді адвокат Игорь Вранчев.
Прокурор Жангереев бұл іс бойынша процессуалдық прокурор емес екенін, бірақ ҚПК-де процессуалдық прокурор анықталған жағдайда басқа құзыретті прокурорға мемлекеттік айыптауды қолдауға тыйым салмайтынын айтты.
«Бұл іс бойынша мемлекеттік айыптауды қолдауды маған облыс прокурорының бірінші орынбасары тапсырды. Маған сот процесіне қатысуды ауызша түрде тапсырды», - деді прокурор.
«Ауызша түрде» деген не?», деп сұрады Таубаев.
«ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 87-88-баптарына сәйкес, прокурорға қарсылық білдіруге ешқандай негіз жоқ, сондықтан бас тартуыңызды сұраймын», - деді жәбірленушінің адвокаты Женни Жұмалиева.
Судья Зарема Хамидуллина шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне кетті, содан кейін адвокат Амитовтың өтініші қабылданбағанын жариялады. Прокурор Жангереев сотқа қатысуды жалғастырады.