Маңғыстау облысы орыс тілінде сабақ беретін мұғалімдерді өзге өңірлерден алдырып жатыр
Әкімдік басқа аймақтан келгендерге тегін жатақхана беруде

Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы мектептерде орыс тілінде сабақ беретін педагогтердің жетіспеушілігіне байланысты өңір әкімдігі басқа аймақтан келетін мұғалімдерге тегін жатақхана беруде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Осыдан бірнеше күн бұрын IT маман Тимур Бектұр Маңғыстау өңіріне орыстілді педагогтерді басқа қалалардан шақыртып жатқанын жазған болатын. Ақтау қаласы білім бөлімінің басшысы Бағдат Сырымқызының тілшімізге берген мәліметінше, орыстілді мұғалімдерді өңірге тартуға әкімдік қол ұшын созып жатыр.
«Ақтау қаласында барлығы 27 мектеп бар, оның 14-і қазақ мектебі, екі орыс және 11 аралас мектеп бар. Ақтаудағы қазақ сыныптарына орыс тілі мен орыс әдебиетінен беретін, ал, орыс сыныптарына математика, тарих, география пәндерінен беретін мұғалімдер жетіспейді. Орыс тілі мен орыс әдебиетінен қазақ сыныбына жетпеген педагогтер мәселесі шешілді. Бүгінгі таңда Тараз, Павлодар, Нұр-Сұлтан қалаларынан келген 15-ке жуық мұғалімді жұмысқа алдық. Ақтауға зейнетақы қорының бір бөлшегін алушылар көшіп келді, соның есебінен де маман тапшылығы мәселесі шешіліп келеді. Бұйрық 1 қыркүйектен бастап шығатын болған соң, сіздерге өзге өңірден келген педагогтердің нақты санын айта алмаймын, қызметкерлер әлі де қабылданып жатыр. Орыс сыныбына сабақ беруге келген мамандардың қажеттілігін жабу үшін әкімдік тегін жатақхана берді. Біздің білім бөліміне қарасты оқу-әдістемелік орталық бар, 100 орындық жатақхана соның балансында тұр», - деді Бағдат Сырымқызы.
Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда республика бойынша орыс тілі және орыс әдебиеті пәнінен 856 педагог маман жетіспейді.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан