«Астана жастары» елорда тұрғындарына вакцинаның маңыздылығы туралы буклет таратты
Волонтерлар адам көп жиналатын жерлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізді
Нұр-Сұлтан қаласында «Астана жастары» ЖРО волонтерлары елорда тұрғындары мен қонақтарына вакцинациялаудың маңыздылығы туралы буклеттер таратты. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.
Әлемге қауіп төндіріп отырған коронавирус індетін жеңудің ең тиімді әдісі – вакцинациялау арқылы ұжымдық иммунитетті дамыту. Өкінішке қарай екпенің тиімділігіне күмән келтіріп, ұжымдық иммунитетті дамытудан бас тартып отырғандар жоқ емес.
«Волонтерлар адам көп жиналатын жерлерде (автобустар, аялдамалар) буклет таратып, «КВИ-ге қарсы вакцинаны қалай алуға болады?» деген сұраққа жауап беріп, иммундауды жүргізу алдындағы қажетті процестер туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді», - делінген хабарламада.
Өткен тәулікте елордада 900-ден астам адамнан COVID-19 инфекциясы анықталды.
Айта кету керек, бүгінде елорданың барлық ауданында еріктілер, мобильді топ өкілдері коронавирусқа қарсы вакцинацияның маңыздылығы мен тиімділігі, иммундауға қалай дайындалу керектігі туралы қадамдық нұсқаулық бар буклеттер тарату, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.
Түсіндіру жұмысы кезінде маска режимі, әлеуметтік қашықтық секілді санитарлық талаптар толықтай сақталды.