ШұғылҚазақстанда тағы 716 адамнан коронавирус анықталды

Елордалықтар демалыс күндері қайда бара алады?

Елорда тұрғындары мен қала қонақтары алдағы демалыс күндері жаңажылдық концерттік бағдарламалар, спорттық шаралар мен театрландырылған қойылымдарды тамашалай алады

Фото: ашық дереккөзден

Алдағы демалыс күндері елорда тұрғындары мен қонақтарының жаңажылдық концерттік бағдарламалар, спорттық шаралар мен театрландырылған қойылымдарды тамашалауға мүмкіндігі бар. Ал балақайларға жаңажылдық ертеңгіліктердің бағдарламасы әзірленді, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жаңажылдық қойылымдар легі 20 желтоқсан күні сағат 19.00-де «Mega SilkWay» СОСО өтетін «Кариб теңізінің дельфиндері мен қарақшылары» атты дельфиндердің театрландырылған шоуынан басталады.

Операны жаны сүйетін қауым атақты француз композиторы Жорж Бизенің «Кармен» операсын тамашалай алады. Қойылым 20 және 22 желтоқсанда сағат 19.00-де «Астана Опера» театрында өтеді.

Либреттоға сәйкес, оқиға желісі XIX ғасырдың бірінші жартысында Испанияда өрбиді. Темекі фабрикасында жұмыс жасайтын әдемі, тәуелсіз сыған қызы Карменнің махаббат оқиғасы ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық.

Сондай-ақ, «Астана балет театры» ұжымы 20-22 желтоқсан аралығында сағат 18.00-де өтетін «Күлбике» балет-ертегісіне ата-аналар мен балақайларды асыға күтеді.

Ал «Keruen Park» балалар ойын-сауық орталығы  кішкентай көрермен назарына «Сұлу қыз бен құбыжықтың ертегі балы» атты жаңажылдық ертеңгілікті ұсынады. Ертегі балы 19-30 желтоқсан аралығында сағат 11.00, 14.00, 17.00-де өтеді.

Сонымен қатар, 20 және 22 желтоқсанда сағат 18.00-де Қуыршақтар театрында «Тас жүректі Малефисента» қойылымы болады.

Жаңажылдық ертегілердің тізімін 21-30 желтоқсан аралығында Жастар сарайында өтетін «Жаңа жыл түнінің билеушілері» атты ертегі жалғастырады.

Сондай-ақ, балақайлар үшін бір апта бойы 21-29 желтоқсан аралығында «Құпия супер-күш» атты жаңажылдық ертеңгіліктер көрсетіледі. Ертеңгіліктер сағат 15.00, 18.00-де «Mega SilkWay» СОСО аумағында өтетін болады. Жас көрермендер өздерінің сүйікті кейіпкерлерімен, атап айтқанда Темір адам, Халк, Капитан Америка, Өрмекші адам, Танос, Микки маус, Малефисентамен кездесіп, естелік суретке түсе алады.

Ал 21-22 желтоқсан күндері сағат 10.00, 12.30, 15.00-де  «Ай, да Ленька!» ертегісі Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрында қойылады.

Одан бөлек, 21 желтоқсан сағат 17.00-де «Астана Опера» театрының ұжымы «Махаббат туралы скрипка әуендері» концертіне елордалықтарды күтеді.

Сол күні кешкі сағат 17.30, 20.30-да «Әзіл Әлемі» театры «Астана» концерт залында өнер көрсетеді. 

Сондай-ақ, кешкі 19.00-де «Қазақстан» ОКЗ-да «Сиқырлы сазды хор-концерт"э» жобасы көрермендерге жол тартады.

Спорт сүйер қауым сенбі күні сағат 10.00-де «Алатау» СК мүмкіндігі шектеулі жандар арасында пауэрлифтинг бойынша Нұр-Сұлтан қаласының Чемпионатын тамашалай алады. Сонымен қоса, аталмыш спорт кешенінде 21-22 желтоқсанда сағат 10.00-де ерлер мен әйелдер арасында пауэрлифтинг бойынша Нұр-Сұлтан қаласының ашық чемпионаты өтеді.

Одан бөлек, сенбі-жекенбі күндері сағат 11.00-де шайбалы хоккей бойынша 2006 жылғы жасөспірімдер арасында Орал, Сібір және Приволжск федералды округтерінің біріншілігі «Барыс» СК өтеді.

Ал жексенбі күні сағат 16.00-де Астаналық цирк тұрғындарды «Жаңажылдық афроцирк» ертегісінің сиқырлы әлеміне шақырады. Бағдарлама барысында әуе гимнастарының шоуы, тепе-теңдік және эквилибристиканың кереметтері, африкалық арыстандар, экзотикалық құстар, жылқылар мен иттердің өнері, көңілді сайқымазақтар қойылымдарын көрермен назарына паш етеді.

Сондай-ақ, Кениядан келген африкалық акробаттар шоу қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды деп күтілуде.

Сол күні түстен кейін сағат 16:00-де жаңа Оқушылар сарайында кішкентай жұлдыздардың қатысуымен Les Pointes  балет студиясының «Жаңажылдық сиқыр» атты жаңа жылдық концерті өтеді.

Аптаның соңғы күні елордалықтар 2 үлкен музыкалық шараға қатыса алады. Оның бірі –  сағат 20.00-де Барыс Аренада өтетін «Махаббат қаласы» атты концерттік бағдарлама. Оған отандық әртістермен қатар шетелдік өнерпаздар да қатысады.

Ал екінші шара сол күні таңғы сағат 10.00-де Бейбітшілік және келісім сарайында өтетін Central Asia 's Got Talent телевизиялық шоу бағдарламасы болады.