Алматыда жыл басынан бері 60 мың адам коронавируспен ауырған
Мегаполисте «дельта» штамын жұқтырғандар көбейіп келеді
Алматыда коронавирус дерті дендеп барады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында қаланың Бас санитарлық дәрігері хабарлады. Оның айтуынша, өткен тәулікте Алматыда қауіпті індеттің 638 жаңа жағдайы тіркелді. Бұл – биылғы жаздағы антирекорд. Мамандар мұны коронавирустың үнді штамының таралуымен байланысты дейді.
"Жыл басынан бері қалада коронавирус инфекциясын жұқтырған 60 мыңнан астам жағдай тіркелді. Шілде айының басынан бері 4 610 адам қауіпті індетке шалдыққан. Ал өткен аптада 3 085 жағдай тіркелді. Алдыңғы аптамен салыстырғанда 1,4 есе артық", –деді Алматының Бас санитарлық дәрігері.
Бекшин жаңа "дельта" нұсқасы аса жұқпалы және оның клиникалық сипаты ауыр екенін айтты.
"Өздеріңіз білетіндей кезекті зерттеулерде "дельта" коронавирусының айналымдағы нұсқалары 78-80% басым дәрежеде, "альфа" ("Британдық") 16%, СOVID-19 ("Ухань") 3% құрайды.
Өткен 7 тәулікте "симптомдық" науқастардың үлес салмағы 2 есеге, яғни 53%-дан 88%-ға дейін өсті. Бұл - мауыр клиникалық көріністерді тудыратын “дельта” патогендік нұсқасының таралуымен байланысты.
Жандарбек Бекшин Алматыдағы эпидемиологиялық ахуалға жүргізілген мониторинг қорытындылары туралы айтты. Талдау нәтижесінде, соңғы екі аптада балалар мен жастар вирус жұқтырған. 14 жасқа дейінгі балалардың 13% инфекция жұқтыруға бейім.
“Ең үлкен алаңдаушылық 20 жастан 40 жасқа дейінгі азаматтар арасында сырқаттанушылықтың өсуі 3,4%-ға ұлғайып, осы жылы ең жоғары деңгейге жетті (39%). Сондай-ақ 40 пен 59 жас аралығында 25% деңгейді құрайды. Яғни әрбір 4-ші жұқтырған адам.", – деді Ж. Бекшин.
Осы деректермен қатар, 60 жастан асқан адамдар арасында жұқтырудың үлес салмағы олардың иммундау және екпе алу нәтижесінде 1,6%-ға төмендегені байқалады.
Алматының бас санитарлық дәрігері коронавирустың жаңа штаммының тез таралатынын әрі қала тұрғындарының денсаулығы үшін қауіпті екенін ескертті.
Сондай-ақ Ж. Бекшин бетперде режимін сақтауды әрі оны жиі ауыстыру қажет екендігін еске салды.