Алматыда жаңадан ашылған спорт кешеніне Бекзат Саттархановтың есімі берілді

Спорт кешені «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында ашылған

Алматыда жаңадан ашылған спорт кешеніне Бекзат Саттархановтың есімі берілді

Алматыда «Бокс әлемі» спорт кешені қолданысқа берілді. Аталған нысанда спортшылар республикалық және халықаралық жарыстарға дайындалады. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, орталық пен шалғай аудандардың барлық тұрғындары жоғары өмір сапасына қол жеткізуге тең мүмкіндікке ие болмақ.

Әуезов ауданында ашылған «Бокс әлемі» спорт кешеніне қазақстандық боксшы, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың есімі берілді.

Қаланың 3-шағын ауданында орналасқан нысан 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында ашылған. Мұнда күнделікті шамамен 50 бала жаттыға алады. Аз қамтылған әрі көп балалы отбасылардан шыққан балалар үшін тегін секциялар да қарастырылған.

«Енді Әуезов ауданында болашақ Олимпиада чемпиондары жаттығатын тағы бір орын бар. Біздің ауданның боксшылары дайындыққа арналған арнайы базада ең үздік көрсеткіштерге және ірі жарыстарда жеңістерге қол жеткізе алады деп ойлаймын», – деді аудан әкімі Сайран Сайфеденов.

Орталық директоры Бағдат Сырлыбаев бокс залы заманауи талаптарға сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгенін атап өтті.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.