Мамыр айында бензин құны – 1,8%, картоп 11,1% қымбаттады
Өткен айда қияр, қызанақ, жұмыртқа, апельсин бағасы арзандаған

Соңғы бір айда азық-түлік тауарларының – 0,8%, азық-түлік емес тауарлары – 0,6%, ақылы қызметтер 0,7% қымбаттады.
Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, мамыр айында сәуірмен салыстырғанда қызылша (27,7%), сәбіз (16,1%), картоп (11,1%), күнбағыс майы (3,3%), қой еті (3,2%), қырыққабат (3%), құмшекер, жаңа жиналған жемістер (1,7%-дан), жарма, макарон өнімдері, құс еті (1,3%-дан), шай (1,2%), ет өнімдері (1,1%), ұн, сары май (1%-дан), сүт (0,8%) қымбаттады. Сондай-ақ минералды және ас су – 2%, салқындатылған сусындар – 1,7%, алкогольді сусындар 0,9% қымбаттады.
Мамыр айында арзандаған азық-түлік тауарлары: қияр – 23,4%, қызанақ – 17,2%, жұмыртқа 2,8%, апельсин 2,8%.
Автомобильдер – 2%, шыны және қыш бұйымдар – 1%, ыдыс-аяқ – 0,9%, жуғыш және тазалағыш құралдар – 0,8%, киім және аяқ киім – 0,7%, құрылыс материалдары – 0,6%, жеке қолданылатын тауарлар 0,4% қымбаттады.
Бұдан бөлек, бензин құны – 1,8%, баллондағы сүйытылған газ – 1,2%, дизель отыны 0,9% көтерілді.
Монша қызметі – 2%, санаторий қызметі – 1,9%, кабельдік телевизия қызметі – 1%, шаштараздар мен сұлулық салондар қызметі, қонақүйлер қызметі – 0,9%, қоғамдық тамақтану қызметі – 0,6%, жолаушылардың әуе көлігімен жол жүру ақысы – 8,7%, қалалық автобуспен қатынау 1,4% қымбаттады.
Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер қоқыс шығаруға – 5,7%, электр энергиясына 1,7% жоғарылады, ал ыстық суға 1% төмендеді.