Суға батып бара жатқан қызды құтқарған елордалық тұрғын марапаттады
Оған «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалі табысталды
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин суға батып бара жатқан 20 жастағы қызды құтқарып қалған Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Асылбек Нұржановты марапаттады. Оған «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалі табысталды.
«Адам өмірін құтқарудағы ерлігіңіз бен жанқиярлығыңыз үшін сізге алғыс білдіремін, - деді Юрий Ильин.
Оқиға 26 мамырда Нұр-Сұлтан қаласындағы Ақбұлақ өзенінде болған. Күндіз көпірлердің бірінен бойжеткеннің суға секіргенін көрген куәгерлер көмек сұрап айқайлаған. Сол сәтте елдордалық ЖОО-лардың бірінде қауіпсіздік қызметкері болып жұмыс істейтін Асылбек Нұржанов суға секіріп, қызды құтқарған.
«Ол кезде қыз ес-түссіз жатқан болатын. Оқиғаның өзге куәгерлері маған жағаға шығуға көмектесті. Олар қызға алғашқы медициналық көмек көрсетті», - дейді тұрғын.
Төтенше жағдайлар министрі Асылбек Нұржановқа алғыс айтып, отбасына денсаулық пен бақыт тіледі.