ШұғылЕлордада Парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды

Ақтөбелік шенеуніктер көпбалалы аналарға берген уәдесін орындамады

Ашынған аналар облыс әкімдігі алдына барды

көрнекі фото

Ақтөбелік шенеуніктер көпбалалы аналарға берген уәдесінен тайқып кетті. Осыдан үш жыл бұрын баспанасы жоқ 50 отбасыға үй салуға саяжайдан жер телімін бөлген. Енді коммуникация жүргізуге келгенде учаскіні бақша егуге көмек ретінде уақытша бергенін айтып отыр, деп хабарлайды КТК.

Ашынған аналар әкімдік ғимаратына барып, аймақ басшысымен кездесуді талап етті. Алайды оларды облыс әкімі Оңдасын Оразалин қабылдамаған жоқ.

«Міне, бар ақшамызға салып жатырмыз. Су, жарық, газ келмесе, мен бұл жақта қалай тұрамын? Бес баламмен қалай отырамын? Қазір су тасып, салғызып жатырмын», - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Айнұр Кәрімбаева.

Жер берген кезде шенеуніктер жарты жылда коммуникация тартылады деп уәде еткен. Алайда, арада үш жыл өтсе де, бұл уәде орындалмаған.

Облыс әкімі аналармен кездесуге құлық танытпады. Ал, қарамағындағылар баспанасыз әйелдерге «жерді үй салу үшін емес, бау-бақша егуге бердік» деп отыр. Бір қызығы, қалай сусыз бақша ұстауға болатынын түсіндіре алмады.

«Жер көмек ретінде берілген. Құрылыс салуға берілген жоқ. Нысанның мақсаты – бау-бақша. Сол себепті ол жерге бюджеттен ақша бөлінбейді», - дейді Ақтөбе қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Сұлтан Аманчин.

Енді көпбалалы аналардың өз күшімен жарық пен су тартып алудан басқа амалы жоқ. Өйткені шенеуніктер комуникацияға қатысты ештеңе айтпадық деп отыр.