Атырау облысында қанша тонна балық қырылғаны айтылды
Балықтың қырылуына судың таяздығы мен оттегі жетіспеушілігі басты себеп болған
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы өткен аптада қырылған балық санын айтты, деп хабарлайды azh.kz.
Бесікті маңындағы Безымянное су қоймасында 2 мамыр мен 9 мамыр аралығында 6,8 тонна балық қырылып, 25 тоннадан астамы құтқарылды. Ақтоғай ауылының жанындағы Бақсай каналында 4,6 тонна қаракөз қырылып, 8,1 тоннасы құтқарылды. Құрманғазы ауданындағы Шарон өзенінде 700 кг балық жойылды. Онда балық түгел қырылды.
Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, балықтың қырылуына судың таяздығы мен оттегі жетіспеушілігі басты себеп болған.
Безымянное мен Бақсайда балық шаруашылығы субъектілері балықты мелиорациялық аулау жұмыстарын бастады. Сондай-ақ, балық сайға түспеу үшін торлар орнатылады.
«Көктем басталғанда облыстың балықтың қырылу қаупі бар 52 су қоймасында балық уылдырық шашуға кедергісіз кіру үшін арналар мен өзен тарамдарын тазарту жұмыстары жүргізілді. Айта кету керек, бұл жұмыстарға бюджеттен ақша бөлінбейді», - деді А.Сәдібекұлы.
Басқарма басшысы балықтың қырылуына құқық қорғау органдары заңды баға беруі керек екенін айтып, арнайы құрылған комиссияның зерттеу нәтижесі бойынша бұл іс бойынша қылмыстық құрам жоқтығын жеткізді.