Елорда әуежайы Ashyq мобильді қосымшасымен жұмыс істей бастады
Қызыл және сары статусы бар жолаушылардың әуежайға және ұшаққа кіруіне шектеу қойылады
Елорда әуежайында 12 мамырдан бастап бекітілген алгоритмге сәйкес Ashyq пилоттық жобасы іске асырылуда. Бұл ретте әуежай ғимаратына кіру үшін жолаушы QR-кодты сканерлеп, өз статусын әуежай қызметкеріне кіреберісте көрсетуі тиіс, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылықтың өсуі мен таралуының себебі өзін-өзі оқшаулау режимін сақтамау, қоғамдық орындарға, науқастарға және байланыста болған адамдарға бару салдарынан болып отыр.
Авиакомпаниялар мен халықаралық әуежайлар басшыларынан қауіпсіз қызмет көрсету шаралары талап етіледі.
Осыған байланысты елорда әуежайында бүгіннен бастап, яғни 12 мамырда Ashyq жобасы іске қосылды.
Жолаушыларға статус «ПТР-зерттеулердің бірыңғай интеграциялық порталы» және «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің COVID-19 бақылау орталығы» ақпараттық жүйелерімен салыстыру негізінде беріледі.
Статус келесідей:
- «Жасыл» – жүріп-тұруында шектеу жоғын білдіреді, мұндай адам базада COVID-19 індетіне ПТР-тестілеуі теріс нәтиже көрсеткен пайдаланушы болып саналады.
- «Көк» — ауру жұқтырған адамдармен байланыста болған адамдар есебінде жоқ, ПТР-тест талап етілетін жерлерден басқа кез келген орында еркін қозғалу дегенді білдіреді.
- «Сары» – байланыста болған адамдарға берілетін статус. Оларға азық-түлік алуға немесе үйдің жанындағы дәріханаға баруға рұқсат етілгенмен, басқа қоғамдық орындарға баруына тыйым салынады.
- «Қызыл» статус — ПТР-тест тапсырып, коронавирус анықталған адамға беріледі. Мұндай мәртебе иелері үйде оқшаулану режимін қатаң сақтауы тиіс.
Жолаушыда смартфон болмаған жағдайда әуежай қызметкері ақпараттық жүйеде ЖСН (оның келісімімен) арқылы оның статусын тексереді.
«Ashyq» жобасының мақсаты – қызыл және сары статусы бар жолаушыларды әуежайға және ұшаққа кіруіне шектеу қойылу арқылы өзгелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Жолаушыда смартфон болмаған жағдайда әуежай қызметкері ақпараттық жүйеде ЖСН (оның келісімімен) арқылы оның статусын тексереді.
Шетел азаматтарының статусы паспорт нөмірін енгізу арқылы тексеріледі.
«Қызыл» аймақта орналасқан әуежайларға шығарып салушы мен күтіп алушылардың кіруіне салынған тыйым Ashyq жобасына қатысушыларға қолданылмайды.
Бүгінгі таңда бұл шектеу Нұр-Сұлтан қаласының халықаралық әуежайынан алынып тасталды.