$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.05.2021, 21:31
Жаңалықтар

«Түркістан елордадан да жылдам дамып барады»: Елбасы рухани астананы көркейтудің жобасы туралы айтты

Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Түркістан қаласында жүр

«Түркістан елордадан да жылдам дамып барады»: Елбасы рухани астананы көркейтудің жобасы туралы айтты

Түркістан халқы алдағы төрт жылда 300 мыңнан асады. Қала халқын баспанамен қамту үшін 26 мың пәтер салынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанға сапары барысында қаланы дамытудың өзге де жоспарларымен бөлісті. Елбасының сөзінше, соңғы екі жылда қалада 257 ғимарат қолданысқа берілген. Тұңғыш Президент рухани астанаға айрықша мәртебе беріп, көтеруді екі мыңыншы жылдардан бері армандап келген екен.  

«Түркістан жұртшылығына, бүкіл оңтүстік өңірдің еліне айтатын сөз – жаңарған Түркістан бәрімізге құтты болсын! Шынында да мұндай қаражат, мұндай көңіл жүздеген жылдық тарихы бар Түркістанға ешқашан бөлінген жоқ. Алдыңғы жылдары Түркістанның 1500 жылдығын атап өткенде келдік, кездестік. Сонда осы Түркістанды бір көтерсек деп армандап едім, оған елдің жағдайы бола бермейді. Мемлекет құрылды, Қазақстанды нығайту, дүниежүзіне таныту керек деп шапқылап жүрдік. Енді уақыт келді, 2018 жылдың маусым айында Шымкент қаласын миллион тұрғыны бар деп бөліп, Жарлыққа қол қойдым. Бөлінгеніне  үш жылға да жеткен жоқ, 2018 жылдың аяғына дейін ұйымдастыру дайындығымен жүрдік. Бүкіл Қазақстандағы ауқатты жігіттерді жинадым, мемлекетке, әкімдікке тапсырма бердім. Бірінші бағдарлама жасадық. Соның арқасында 2019-2020 жылдардың ішінде 257 ғимарат салынды. Көріп отырсыздар. Сол кезбен қазіргі кезді салыстыруға бола ма?!  Жер мен көктей. Қазақстанның 30 жылдағы жеткен жетістігіндей жер мен көктей. Бұл біз үшін  елдің астанасын салумен бірдей керемет дүние», - деді журналистермен баспасөз мәслихатын өткізген Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы жеке мегаполис болып шыққан Шымкент қаласының да өркендеу жолына түскенін айтты. Шымкенттің бюджеті соңғы үш жылдың ішінде үш есеге көтерілген.  Мегаполисте тұрғын үй құрылысының салынуы да екі есеге артып, орта және шағын бизнес саны артқан. Ал Түркістанды гүлдендіру бойынша жұмыстар тоқтамайды, әлі де қыза түседі. 

«Түркістанға келетін болсақ, әлі алда көп жұмыстар атқарылуы керек. Әрине, бұл оңтүстікте тұратын ағайындар үшін ұмытылмайтын жағдай. Тәуелсіздікті бастаған кезде жанымда жүрген азаматтар оны ешқашан ұмытпайды. Астананы салғандағы істеген ісімізді ешкім ұмытпайды. Түркістанның құрылысы да ұмытылмай, есте қалатын жағдай.  Түркістанды түркітілдес елдердің рухани астанасы деп жарияладық.  Түркістандықтарға айтатыным, соны бағалап, келген адамдарды жақсы қарсы қарсы алу керек. Қазірдің өзінде дүниежүзілік деңгейдегі әуежайды Қазақстанда бірінші рет Түркістанда салдық. Қазір Стамбулдан екі рейс келеді, жақында Ташкент, Ашхабад,  Бішкектен ұшақтар қатынайтын  болады. Рейстер көбейіп, халықаралық пойыздар қосылады. Сонда келетін туристер саны да артады. Жұмыс қызады, жастарға жұмыс орындары ашылады. Мүмкіндіктер көбейеді. Мұнда тағы туристерге қызмет ететін университет ашылды. Міне, Түркістанда халықаралық деңгейдегі театр салынды. Ойласақ ойға келмейтін, түске кірмейтін  істер болып жатыр. Бұған қуанайық. Осының бәрі  Қазақстанның 30 жылдығына жасап жатқан  тартуымыз.  Ата-бабаның арманын орындап, тәуелсіз Қазақстанды осылайша көркейтіп жатырмыз. Алла бізді бірліктен айырмасын. Елдің ішінде ауызбіршілік мықты болсын. Қазақ біріккенде барлығын  жеңеді.  Былтыр келген адам Түркістанды қазір танымайды. Ай сайын, жыл сайын өзгеріп тұрады. Қала астанадан да тез салынып жатыр. Енді 2025 жылға дейін бұдан да үлкен, керемет болады. Қазір халқының саны 200 мың болса, 2025 жылы 300 мыңнан асып кетеді деген жоспар бар. Біз Елорданы салған кезде 2030 жылы халқының саны бір миллион болады дегенбіз. Қазір 1 млн 200 мың.  Сондықтан мынадай қарқын болса жетеді. Халықтың сұранысы қандай, тіпті, іргетасы қаланып жатқан тұрғын үйлерді сатып алғысы келеді. Алдағы төрт жылдың ішінде Түркістанда 26 мың пәтер салынады», - деді Елбасы.

Елбасы Түркістанда атқарылған жұмыстарды жоғары бағалап, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке алғыс айтты.

Әмірболат Құсайынұлы, Түркістан қаласы

Серіктес жаңалықтары