ШұғылЕлімізде өткен тәулікте 2781 адам коронавирус жұқтырды

Түркістанда «Этно-ауыл» кешені ашылды

18 ғасырдан көрініс беретін кешен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанында орналасқан 

Түркістан қаласында «Этно-Ауыл» кешені ашылды. Қазақ даласының XVIII-XIX ғасырдағы өмірін бейнелейтін жоба "Әзірет Сұлтан" мәдени қорығының буферлік аймағы, Ахмет Ясауи кесенесінің бекініс қабырғасы мен этнографиялық мұражайдың ортасында орналасқан. Ауданы 16 мың шаршы метрді құрайтын интерактивті этно-ауыл мен Яссы бағының ашылу рәсіміне Елбасы қатысты, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy тілшісі. 

Кесенеге келушілер Яссы бағы мен этно-ауылдың арасы арқылы өтеді. Шетелдік туристер ғана емес, жастар да ата-бабаларымыздың бай мәдениетін көздерімен көріп, қолдарымен ұстай алады. Көшпенділер өркениетінен көрініс беретін этно-ауылдың аймағында қазақ даласындағы тұтас бір дәуір бейнеленген.

Интерактивті режимде ежелгі әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді қалпына келтіруді көздейтін этномәдени орталық жыл он екі ай жұмыс істейді. Келушілер сауда  базарын, ежелгі құдық, қолөнер шеберханалары сынды көне кезеңнің көріністерін көре алады. Бағзы заманның әдісімен ағаш өңдеу, тоқыма  тоқу және киіз басу, қыш, зергерлік шеберхана, тас қалаудың қалай жасалатынын да үйренуге мүмкіндік бар.

«Этно ауыл арқылы  XVIII-XIX ғасырдың атомосферасын көрсеттік. Гастрономиялық аймақта Орта Азия елдеріне тиесілі аспаздық өнерді көруге болады. 7,8, 12 қанатты сынды барлығы 9 түрлі өлшемдегі киіз үйлер мен «хан сарайы» тігілген. Ауыл маңында жылқылардың "Табын" мүсіндік композициясы бейнеленген. Ежелгі құдық, садақшыларға арналған атыс тирі де қойылған. Бірнеше аймаққа бөлінген ауылдың жалпы көлемі 3 гектар. Жоба этнографтардың, тарихшылардың  ақыл,  кеңесі бойынша жасалған. Бұл жерде бабалардың заманын  тек көріп қана қоймай, тамақты аспаздармен бірге пісіріп, шеберлермен бірге түйін түюге мүмкіндік бар. Түрлі көріністер түсіруге болады», - деді жобаның ұйымдастырушысы Айко Төкен. 

Бабалар сөзімен айтқанда Түркістан – түмен бап жатқан киелі қабірстан, қасиетті мекен. Орта дәуірде араб, қытай, парсылар мен еуропалықтарды тоғыстырған "Ұлы жібек жолының" ортасындағы ең үлкен сәнді қала болса, Түркістан XXI ғасырда қайта түледі. Ғұлама шайыр, діни ағартушылардың ғүмыр кешкен өлкесі бүгінде өлім мен өмірді еске салып, нәпсіні тиюды, жаратушыны тануды, ізгілікті  дәріптейтін рухани – мәдени орталыққа айналған. Тәуіп етіп, сауап іздеушілер мен қыдырып келушілер жүретін  құнды кешеннің айналасы да адам танымастай жаңарды. Елбасы сапар барысында хаһарлы хандар мен білімді билер, білекті батырлардың мазарлары жатқан Әзірет Сұлтан қорық-мұражайының аумағында салынған Яссы бағының ашылуына қатысты. Бірнеше аллея, лабиринт, сәндік тоғандары бар бақтың көлемі 8 гектарға жуық.

Айтпақшы, шие, алма ағаштары, каштан, каталпа сынды егілген мыңға жуық ағаштың көбі Германия, Бельгия мен Өзбекстанның  өсімдіктері. Жасыл желектер 6 ұңғымадан шығатын су арқылы автоматты түрде суарылып тұрады. 

Әмірболат Құсайынұлы, Түркістан қаласы