ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 1,5 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырды

Риддердегі алапат өрт: баспанасыз қалғандарға жаздың соңына дейін жаңа үй беріледі

Үйлер тұрғындарға еш ақысыз беріледі

ШҚО әкімі Даниал Ахметов тілсіз жаудан зардап шеккен Риддер тұрғындарымен кездесіп, тамыз айының соңына дейін баспанасыз қалғандардың әрқайсысына жаңа үйдің кілті табысталатынын жеткізді. Ол үшін бес құрылыс компаниясы Ботаника ықшамауданында жеті үйден салады.

«Бұзылған үйлерді қалпына келтірмейміз. Үйінен айырылған әр адамға 80 шаршы метрлік баспана беріледі. Басында құрылысы аяқталмаған 9 қабатты тұрғын үйді сатып алу жоспарланған еді. Алайда, 1996 жылғы үйдің іші әрленбеген әрі қажетті коммуникация тартылмаған. Оған қоса, тұрғын үй иесі әр шаршы метрі үшін 179 мың теңге сұрап отыр. Ал жеке сектордағы жаңа үйдің шаршы метрінің құны – 160 мың теңге. Бұл бюджет қаржысына да үнем. Үйлер тұрғындарға еш ақысыз беріледі», - деді аймақ басшысы.

Қазір арнайы комиссия мүшелері нақты келтірілген материалдық залал мөлшерін есептеп, азаматтарға құжаттарын қалпына келтіруге көмек көрсетіп жатыр.

Еске сала кетейік, Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласының маңында орман өртеніп, өрт Лесхоз кентiндегi тұрғын үйлерге жетті. Өрт салдарынан 40-қа жуық үй өртенді. Бір адам қаза тапты, екі адам жансақтау бөлімінде жатыр.

Орман өртіне қатысты күдікті ретінде бұрын сотты болмаған, 35 жастағы Риддер қаласының тұрғыны ұсталды.