ШұғылCOVID-19: Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны 406 мыңнан асты

Риддердегі орман өртіне қатысты күдікті ұсталды

Өрт салдарынан 37 үй өртенді, 1 адам қаза тапты, 2 адам жансақтау бөлімінде

ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер Риддердегі орман өртіне қатысты күдікті ұсталғанын мәлімдеді.

Қазір күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 204-бабы 2-бөлігіне (отқа ұқыпсыз қарау арқылы жасалған бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру) сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.

Аталған баптың санкциясы екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұлды немесе екі жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жазаны белгілейді.

«Күдікті ретінде бұрын сотты болмаған, 35 жастағы Риддер қаласының тұрғыны ұсталды, оның абайсыз әрекеттері осындай ауыр салдарға әкелді», - деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Елдос Закимов.

Еске сала кетейік, Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласының маңында орман өртеніп, өрт Лесхоз кентiндегi тұрғын үйлерге жетті. Өрт салдарынан 40-қа жуық үй өртенді. Бір адам қаза тапты, екі адам жансақтау бөлімінде жатыр.

Риддердегі негізгі өрт ошағы сөндірілді, қазір орманның жекелеген учаскелерін сөндіру жүріп жатыр.

Тегтер: