Нұр-Сұлтандағы сауда орталықтарында вакцинация пункті артты
Қаладағы «Артем» және «Әлем» ірі сауда орталықтарында да вакцинация пункті ашылды
Елорданың тағы екі сауда үйінде 7 мамырдан бастап азаматтарды коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау жүргізіледі. Вакцинация пункттері орналастырылған кешендердің қатарына «Артем» және «Әлем» ірі сауда орталықтар қосылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы халық тығыз орналасқан аудандағы егу пункттерінің ашылуы жұртшылықтың вакцина алуына қолайлы жағдай жасайтынын атап өтті.
«Жаңа орындарда күту залы мен бақылау аймақтары ұйымдастырылған. Онда вакцинацияланушы міндетті түрде 30 минут бақылауда болуы тиіс. Азаматтардан вакцинацияға қатысты барлық ұсыныстарды орындауды сұраймыз», - делінген басқарма хабарламасында.
Естеріңізге сала кетейік, халықты вакцинациямен кеңінен қамту үшін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша егу пункттерінің саны үш есеге артты. Бүгінде елордада «Mega Silk Way», «Keruen», «Хан Шатыр», «Абу-Даби Плаза», «Азия Парк» СОО-ларында вакцинация пункттері ашылды. Өткен демалыс күндері «Биг Шанхай» сауда кешенінде және Орталық базарда вакцинация пункттері ұйымдастырылған болатын.
Вакцинация пункттерінің кеңеюіне байланысты БМСК ұйымдарының жұмыс уақыты сағат 8:00-ден 22:00-ге дейін қысқартылды, ал СОО-ларда жұмыс тәртібі өзгеріссіз қалады – сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін.