ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 1,5 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырды

Қазақстан армиясындағы ең ұзын бойлы сарбаз анықталды

Қазақстандық сарбаздың бойы ресейлік танымал боксшы Николай Валуевтен 3 сантиметрге биік

Ең бойы ұзын сарбаз ҚР Ұлттық Ұланының астаналық әскери бөлімінде қызмет етеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бойы 2 метр 16 сантиметр болатын Иван Лукичев керек десеңіз ресейлік танымал былғары қолғап шебері Николай Валуевтен 3 сантиметрге биік екен.

Иван Лукичов 2001 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық Ұланға қарасты 5573 әскери бөлімінде отан алдындағы борышын өткеріп келеді. Бойы 2 метр 16 сантиметрді құрайтын жауынгердің түр-тұлғасына қасындағы қарулас достары да үйренген. Әскери бөлімге алғаш келгенде Иван осындағы қалыпты жатын орынға бойы сыймапты. Сосын керуетті төсек орыны мен қоса ұзартуға тура келді дейді рота командирі Парасат Кәбжанов. 

«Лукичов Иван сияқты солдатты бірінші рет көрдім. Біздің ұжымымызға келгенде бәріміз таң қалдық. Біріншіден, қиындық тудырғаны оның жататын орны болды. Өйткені бәріне берілгендей жататын орындар стандарт келеді. Оған аздап қысқалау болды, сыймады. Сондықтан ұзартып жағдай жасадық. Аяқ киім мен киім таңдағанда да оған келетін размер болмай, біраз қиыншылық болды. Бірақ барлығын тауып бердік», - дейді 5573 әскери бөлімі автомобиль техникаларын жөндеу ротасының командирі Парасат Кәбжанов.

Иван әскери бөлімде қолы қалт етсе темір көтеріп денесін шынықтырады. Себебі ол бала кезінен спортқа жақын. Мектепте оқып жүрген кезінде-ақ бойы 2 метрге шамалас болыпты. Айтпақшы, оның отбасы мен әулетінде де әкесі мен бауырлары бойшаң азаматтар көрінеді. Сұңғақ жігіт болған соң бала кезден волейбол мен баскетболды қатар алып жүрдім дейді ол. 

«Автобус, трамвай жалпы, қоғамдық көлікте жүргенде бойыма барлығы таңқалып қарайтын. Адамдар маған «Қай жылғысың, бойың қанша метр, спорттың қай түрімен шұғылданасың» деген секілді сауалдарын қойып жатады. Басында көпшіліктен қысылатынмын. Кейін келе-келе ұзын адам келе жатыр деген сөздерге бойым үйреніп кетті. Менімен көшеде суретке түсетін. Маған баскетболдағы бапкерім де ылғи айтатын, Құдай саған осы бойың арқылы талантты да берген. Соны дұрыс пайдалана біл дейтін», - дейді 5573 әскери бөлімінің сарбазы Иван Лукичев.  

Иван Лукичев жастайынан спортпен кәсіби тұрғыда айналысыпты. Ол Павлодар қаласындағы олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернатында оқыған. Мамандығы баскетбол жаттықтырушысы. Тіпті баскетболдан спорт шеберіне кандидат. Әскерге шақырылғанға дейін Иван Павлодардың «Ертіс» баскетбол клубында өнер көрсеткен. 

Сарбаздың көп уақыты осы әскери бөлімдегі техниканы жөндейтін шеберханада өтеді. Ол тек спортшы ғана емес, кәдімгі автобильдің тілін меңгерген шебер. Қолынан кілті түспейтін Иванға көліктің қозғалтқышын жөндеу де түк емес. Жауынгердің қарулас достары да Иванның іскерлігіне тәнті.

«Қатардағы Лукичов Иванға келетін болсақ, ол менің қарулас досым. Әскери техниканы толық меңгерген. Өз ісін толық біледі. Осы 5573 бөлімінде бірге қызмет өткеріп, техниканы жөндеумен айналысамыз. Өз жұмысының шебері. Адамгершілігі де өте мол», - дейді 5573 әскери бөлімінің сарбазы Еркебұлан Жаубаев. 

«Қызмет барысында өзінің міндеттерін бұлжытпай орындайды. Мінездемесін айтқанда ол жақсы бала. Жас кезінен спортпен айналысқан», - дейді командирі Парасат Кәбжанов.

Иван 4 айдан соң әскери міндетін аяқтайды. Үйіне оралған соң әрі қарай спортты жалғастыру ойында бар. Ал кәсіп ретінде өзінің жеке көлік жөндейтін орталығын ашуды да алдына мақсат етіп қойыпты.