$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.05.2021, 00:29
Жаңалықтар

Коронавируспен ауырғандар ем іздеп, Жаркенттегі шипалы суға барып жатыр

Елу жылдық тарихы бар «Жаркент Арасан» шипажайынан адам аяғы үзілмеген

Коронавируспен ауырғандар ем іздеп, Жаркенттегі шипалы суға барып жатыр

Алматы облысында Кіші Жоңғар Алатауының сілемінде, теңіз деңгейінен 1100 метр биіктікте орналасқан Бурақожыр өзенінің жағасында орналасқан шипалы мекен бар. Елу жылдық тарихы бар «Жаркент Арасан» шипажайынан адам аяғы үзілмеген. Былтырдан бері коронавируспен ауырып шыққан қазақстандықтардың бұл жаққа баруы жиілей түскен. Медициналық сауықтыру кешеніне келушілер мұндағы радон суы мен таза ауа өкпенің қабынуына бірден бір ем екеніне көз жеткізген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.   

Жазиралы Жаркент жеріндегі шипайжай Алматы қаласынан 325 шақырым, ал облыс орталығы Талдықорғаннан 280 шақырым жерде орналасқан. Мекеменің бас дәрігері Насреддин Авлатаров бұл жердегі судың шипалы екенін және оның қасиетін жергілікті жұрт ертеден білгенін айтады. Есек арбаларымен келіп, емін алып кетіп жүрген. Кеңес үкіметі құрылғанда осы тауда уран бар екені белгілі болады да, Мәскеуден арнайы экспедиция жіберіледі. Олар 20 жылға жуық осы маңдағы тау жыныстарын зерттеп, радон суының адам денсаулығына пайдалы екенін ғылыми түрде дәледеп берген. Зерттеу тобы кеткен соң, Қазақстандағы ауыл шаруашылығын ұйымдастыру ісінің үздігі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Николай Головацкий өткен ғасырдың 60-шы жылдары шипажай ұйымдастырады. Жергілікті еңбеккерлердің демалып, емін алатын орнынан айналған дейді дәрігер.  

«Кейін  бұл аймақ ауылшаруашылық министрлігіне өтті. Мысалы, Барлық Арасан деген болған, онда адамның іш-құрлысын емдеуге бағытталды. Ал Жаркент Арасанда жүрек-қан тамырлары ауруларын емдей бастады. Екінші орында аяқ-қол аурулары, қозғалыс-тірек ауруларынан зардап шегушілер көптеп келе бастады. Мұнда анау ауруға көмектеседі, мынау ауруға көмектеспейді деп айтқаннан гөрі, оның қасиеті туралы айтып берейін. Бұл жерде уран бар, ол жердің астында ыстық сумен араласады да, реакцияға түсіп, арнайы сәуле бөлініп шығады.

Оны ұзақ уақыт алса, зиян болуы мүмкін. Сондықтан қысқа мерізмде арнайы бағдарлама аясында ем ұйымдастырып, адамдарға оң шипалы болатындай ұйымдастырылған. Сол сәулелі изотоп терінің тесіктерінде қалады да, организмге оң әсерін беріп, адам ауруына шипа болады. Мысалы, Барлық Арасан, Сарыағашқа барсаңыз, оның суы ваннаға жатқан сәтте ғана әсер етеді, ал радон суының активті газдары судан шыққан соң бір сағат бойы өз әсерін жоғалтпайды. Су мен балшықты алған соң, бір сағат жату керек дейтініміз содан»,- дейді мекеменің бас дәрігері.

Табиғи радон көздері деген әлемде өте аз кездеседі. Мысалы, Қырғызстанда «Жетіөзгіз» деген жерде, Қазақстанда «Жаркент Арасанда», Ресейде «Белокуревка» деген атақты арасан бар. Әлемде осы үш-ақ жерде кездесетін осындай шипажайдың бірі біз айтып отырған жазиралы Жаркентте орналасқан.

«Бұл жерде зиянды нәрсе жоқ, мен өзім осы ауылда 20 жылдан бері тұрамын. Мысалы, бұл судың қасиетінен басқа, зияны туралы айтқан бірде-бір адамды көрген жоқпын. Бұл аймақта психикалық ауытқушылыққа ұшыраған, тірек қозғалысы бұзылып туатын сәбилер жоқтың қасы. Оны медицина да мойындады», - дейді Н. Авлатаров.

«Бізге келіп жатқан адамдардың арасында әр аймақтан мүгедек жандар, әсіресе жүруі қиын, аяғынан, буынынан жүре алмайтындар келіп, ем алған соң, айығып кетеді. Ол үшін 10-14 күн кем дегенде ем алу керек. Одан тыс, түрлі созылмалы ауруларға ұшыраған, жүйке жүйесі, жүрек аурулары немесе іш-құрлысы бұзылған адамдар келіп өзін біршама уақыт бойы мазалаған ауруынан жеңілдеп қайтады. Бірақ біз келген әрбір адамды жіті тексеріп барып қана емге жібереміз. Себебі онкологиялық ауру белгілері бар адамдарға радон суын алып, балшыққа түсу қауіпті екенін ескертеміз. Соңғы уақыттары коронавируспен ауырып келіп жатқан адамдар, әсіресе реабилитация үшін таптырмас орын. Мұндағы таза ауа мен судың қасиеті өкпеге, тыныс жолдарына өте пайдалы екені дәлелденген. Ескертетін жәйт: арасанға қосымша ем алу үшін келу керек. Негізгі ауруыңыз болса, ауруханаға жатып, ем алып, сосын келіңіз», - дейді жергілікті дәрігерлер.

«Менің атым - Наталия, мен бұл жерге екінші рет келдім. Былтыр қыркүйек айында да келіп кеткен болатынмын. Оның алдына коронавируспен ауырып қалдым да, сосын осында келген соң қосымша ем алып, жөтелім қойып, жақсы көңіл күйде, жеңілдеп қайтқан едім. Одан тыс, инсульт алған болатынмын, бұл медицинаның шамасы келе бермейтін ауру түрі. Сондықтан осы жерге келуіме тура келді. Он күн ем алдым. Бұл жерде қызмет көрсету сапасына да көп нәрсе байланысты екенін ұқтым. Емдеумен айналысатын персоналға алғысым шексіз. Тағы да келетін ойым бар», - дейді Наталья Иванова.

«Біз бұл жерге ауыр жағдайда келдік. Менің күйеуімде өткір артрит деген ауру түрі болды. Аяғынан ақсаңдап, баса аламай қалған. Осында балдақпен әрең жеттік. Толық курс емін алған соң, міне, балдақты тастап үйге қайтып бара жатырмыз. Сеніп келдік, шынымен шипасын көріп отырмыз. Күзде тағы да келеміз деп ойлаймыз», - дейді Омарова есімді тұрғын.

Халық арасында бұрыннан, әсіресе Қазақстанның оңтүстік жерлерінде емдеудің ең танымал түрі - ыстық минералды көздермен емдеу. Адам бойындағы түрлі кеселдерден айықтырудың бұл түрі ежелден белгілі.  Мысалы, грек тарихшылары сақтар (қазіргі қазақ даласы - авт.) ыстық су көздерімен әскери жорық алдындағы «тазарту» дәстүрін жасағанын сипаттайды. Кавказдағы атақты нарзанды балгарлар мен қарашайлықтар (қазақ қыпшақтарының ұрпақтары- авт.) минерал суларын батырлардың сусыны, күш, балғындық пен жастық беретін деп есептеген.

Жергілікті тұрғындар Жаркент ауданында орналасқан ыстық минералды су көздерін «Жаркент-Арасан» деп атайды. Бурақожыр, Қу-Арасан маңындағы бұл минерал көздерін жергілікті халық ем ретінде ежелден-ақ қолданған. Оның шипалы қасиеті бүкіл Кеңес Одағына танымал болып, төрт тауды қоршап жатқан қасиетті жерге алыстан ат арылтып келушілер көп болған.  

Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, бұл аймақ бір кездері қалмақтардың қонысы болды. ХVII ғасырда қалмақ Қалдан Серен түмендері Қазақстанның шығыс және оңтүстік аумақтарын жаулап алғаны белгілі. Сырттан келген жау да «Қу Арасан» емдік суының керемет қуаты туралы білген. Дәл осы жерде олар шамандардың қатысуымен жаппай серуендеу, жарыстар, күрес және би мерекелерін ұйымдастырып отырған. Осы минералды су көзеріне құрбандық немесе сый әкелмеген адам бақытсыз, денсаулық және байлықтан айырылады деп сенген.

Қазан төңкерісіне дейін «Жаркент Арасан» шипалы су көздерінде емдеу ісін жергілікті тұрғын Домбағұл ұйымдастырған. Домбағұл басқалардан білімімен ерекшеленген көзі ашық адам болыпты. Ол құранды ғана емес, зайырлы білімі бар, өз оқушыларына гигиена дағдыларына, медицинаға үйреткен. Кейіннен Домбағұл молда немесе мұғалім ғана емес, тарихи дереккөздерінде емдік қасиеттерін зерттей отырып, жергілікті танымал емшіге айналады.

Ұзақ уақыт бойы минералды су көздері жабайы күйінде қалып келген. Жиырмасыншы ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап «Жаркент Арасан» шипажайының жаңа тарихы басталады. 1952 жылы «Қу Арасан» (Бурақожыр) көздерінің минералды суларын геологиялық экспедиция ұңғыманы бұрғылап, құбыр бойымен минералды радон суын жер бетіне жанадан шығарды. 1963 жылы Қазақ өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтының ұсыныстары негізінде Панфилов ауданда колхоз еңбеккерлеріне арналған 150 төсектік шипажай ғимаратының құрлысы салынып, ел жаппай емделетін орынға айналды. Радон суынан бөлек, Іле өзені жайылмасының көлдерінен әкелінетін тұнба балшықтары қолданылады.

Шипажай аумағында көпжылдық гүлзарлар бар, олардың айналасында қарағаш, ақ қайың, пирамидальды теректер, жас шырша, қарағай, туя, арша ағаштары бар. Мәдени-бұқаралық және спорттық ойындар үшін волейбол-баскетбол, теннис алаңдары салынған. Демалыс уақытында шипажайда демалушыларға арнайы шахмат, дойбы, газеттер, журналдар беріледі, апта сайын шипажайдың көркемөнерпаздар ұжымдары өздерінің өнерлерін көрсетеді. Үздік даяшы, санитар, медбике конкурстары өткізіліп, Панфилов ауданының тарихи орындарына экскурсиялар ұйымдастырылады. Мекеме тоқсаныншы жылдары тоқырау алдында тұрды. Жергілікті кәсіпкерлердің бірі оны өз қаражатын жұмсап, сақтап қалған. Қазір мұнда 70 адам жұмыспен қамтылған. Ел игілігі үшін жұмыс істеп тұр.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы облысы

Серіктес жаңалықтары