ШұғылCOVID-19: Қазақстанда өткен тәулікте 1700-ден астам адамнан вирус анықталды

Алматыда жазасын өтеушілердің камереларына теледидар қойылды

Теледидарлар мекеме бюджетінен үнемделген ақшаға сатып алынған

Алматы түрмесіндегі тұтқындар бұдан былай елдегі жаңалықтарды қалт жібермей көре алады. Жазасын өтеушілер мен қылмыстық іске тартылып жатқан сотталушылардың камераларына теледидарлар қойылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

Алматыдағы ЛА-155/18 тергеу изоляторы 1360 орынға арналған. Қазіргі уақытта мұнда мыңнан астам адам соттың үкімін күтіп, тергеу тұтқынында отыр. Сонымен бірге 60-қа жуық сотталған адам мекеме ішіндегі шаруашылық жұмыстарын атқару арқылы жазаларын өтеп жатыр. Оларға еңбекақы төленіп, жалақыларының бір бөлігінен жәбірленушіге келтірген зиянды төлейді және өздеріне қажетті заттарға пайдаланады. Қамаудағы қылмыскерлерге барынша жақсы мүмкінік жасау үшін олардың бөлмелеріне 110 теледирдар қойылды. 

«Тергеу изоляторының техникалық мүмкіндігін анықтау және мекеменің техникалық жағынан дамуын нарықтық экономикаға бағыттау сияқты міндеттерді арнайы бөлім атқарады. Жаза арқалаған адамдарға жағдай жасау Қылмыстық-атқару жүйесі басшыларының қатаң бақылауында. Мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайтудың арнайы бағдарламасы әзірленген, сонымен қатар оның орындалуы да басты назарда. Тергеудегілердің тұрмыстық жағдайлары да күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе. ЛА-155/18 түзеу мекемесі еліміздегі әлемдік стандартқа сай салынған санаулы мекемелердің бірі екені белгілі. Мұнда тұтқындар тұтастай камералық жүйемен бақыланады», - деді Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы әділет полковнигі Дархан Қанатбеков.

Камераларға қойылып жатқан теледидарлар мекеме бюджетінен  үнемделген ақшаға сатып алынған. 200 теледидарды алуға 4,5 миллион теңге жұмсалған. Қазір 110 камераға қойылып, күдіктілер мен сотталғандар бос уақыттарында 26 телеарнаның хабарларын тыңдай алады. 

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы