ШұғылҮкімет тамызда карантиндік шектеу шараларын күшейтеді

Қазақстандағы олимпиадалық мектептер: үздіктер сапында кімдер бар?

Елімізде республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі өтті

Фото: Елорда ақпарат

Биылғы оқу жылында Республикалық олимпиада қортындысы  бойынша үздік мектептер белгілі болды. Жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша жалпы білім беретін 16 пән негізінде республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі өтті. Биыл 25-30 сәуір аралығында өткен білім сайысында 122 қатысушы алтын, 214 күміс және 349 қола медальға қол жеткізген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекованың айтуынша, биыл мектептерді зияткерлік олимпиадаларға дайындауды жетілдіру, сондай-ақ, олимпиадалық командалардың мықты және әлсіз жақтарын талдау мақсатында әрбір пән бойынша Республикалық олимпиада қорытындыларының сапалық және сандық рейтингтері жасалған. Ұжымдық рейтинг олимпиадалық команданың барлық қатысушыларының орташа балл саны негізінде жасалды. 

ЖМБ пәндері бойынша сапалы рейтинг көрсеткен үздік командалар Алматы қаласынан, Түркістан және Ақмола облысынан тіркелген. Ал ҚГБ пәндерден сапалы рейтинг тізімінде  алғашқы үштіктен Атырау облысы, БҚО, Алматы қаласы көрінді. 

Республикалық олимпиадалардан жеңіп алған алтын медальдары (сандық талдау) бойынша рейтинг келесідей:

  • І орын – «НЗМ» ДББҰ (86 медаль);
  • ІІ орын - Алматы қаласы және Нұр-сұлтан қаласы (68 медаль);
  • ІІІ орын - РБҰ (52 медаль).

Биыл пәндер бойынша республикалық олимпиадада үздіктер сапында «Білім – инновация» лицейі оқушылары жалпы медаль саны жағынан бірінші орынға шыққан. Одан кейінгі орындарға Назарбаев зияткерлік мектебі мен Республикалық физика математика мектебі жайғасқан. БИЛ оқушылары білім сайысының 38 алтын, 71 күміс және 120 қола медалін қоржынға салды.   

«Білім-Инновация» Қорының вице-президенті Нұрбол Төлебаевтың айтуынша, қазақ балалары жылдан жылға білім көрсеткіші бойынша жоғары нәтижемен таңқалдырып отыр. Биылғы білім сайыстарына жасалған сараптама осыны көрсетіп отыр», - дейді республика бойынша мыңдаған балаға білім беріп отырған қор өкілі.

Оқи отырыңыз: Қазақ балалары миллион оқушының арасынан үздік нәтижемен әлемдік оқу орындарына жолдама алды

«Кеше  біз талдау жасадық. Соңғы жылдары "БИЛ (KTL) білім көрсеткіші түсіп кетті ме? Не болды?"-деген сұрақ көптеген кісілердің көкейінде жүргені анық. Алайда алаң көңілдеріне қаяу түсірмейтіндей қорытынды шықты. Жігерлі оқушыларымыз бен жаттықтырушы ұстаздарымызға, тілекші ата-аналарымыз бен қолдаушы әкімдіктер, білім басқармаларына және де барша жанашырларымызға алғысымыз шексіз», - дейді олимпиадада үздіктер сапынан көрінген оқушылардың ұстазы. 

"Республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінде үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар Халықаралық білім додаларында Қазақстан құрама командасының намысын қорғауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, республикалық олимпиаданың тапсырмалары халықаралық олимпиадалар деңгейіне сәйкес келетін функционалдық сауаттылыққа арналған тапсырмаларға бағдарланған. Биыл олимпиадада алғаш рет қатысушылар виртуалды зертханада жұмыс істеді, сонымен қатар химия, физика, тағы басқа пәндер бойынша теориялық алған білімдерін тәжірибе жүзінде көрсетті", - делінген ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитеті таратқан мәлімдемеде. 

Ришат Асқарбекұлы, Алматы