Қазақ балалары миллион оқушының арасынан үздік нәтижемен әлемдік оқу орындарына жолдама алды
SAT Reasoning емтиханына қатысқан қазақстандық екі оқушы ең жоғары нәтиже көрсеткен
Қазақстандық балалар биыл да әлемнің ЖОО-на түсу үшін үздік нәтиже көрсетті. Пандемияға байланысты қашықтан оқу жүйесіне қарамастан, шетелдік оқу орындарына тест тапсырған қазақ балалары білімдарлығымен көзге түсіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Білім-Инновация» қорының инстаграм парақшасындағы ақпаратқа қарағанда, SAT Reasoning емтиханына қатысқан екі оқушы ең үздік нәтиже көрсеткен. SAT – АҚШ-тың жоғары оқу орындарына түсуге арналған стандартталған тест. SAT математика, эссе және мәтінге талдау бөлімдерінен тұрады. Әр бөлім 200-ден 800 балл аралығында бағаланады. Оған әлемнің әр түкпірінен биыл 1 млн бала қатысқан. Солардың арасында тек 7 оқушы жоғары ұпайға қол жеткізген. Нұр-Сұлтан қаласында тұратын 11-сынып оқушысы Жеңіс Әліби 1580 балл жинап, Қазақстан бойынша үздік нәтиже көрсетті. Ол математика пәні бойынша Қазақстан құрамасының мүшесі, республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы, Summer Stem Institute in Data Science стипендиясының толық грант иегері делінген хабарламада.
Тағы бір оқушы Павлодар облысынан бағын сынап көрген. Дарында баларға арналған мектептің 11-сынып оқушысы Рүстем Хасанов та Жеңіс Әлібидің жетістігін қайталады. SAT Reasoning емтиханында Рүстем де 1580 балл жинап, еліміз бойынша ең жоғарғы нәтижеге қол жеткізді. Әлем бойынша әр 1.000.000 SAT Reasoning тестін тапсырушысы ішінен тек 7 адам 1580 не одан жоғары балға қол жеткізе алады. Рүстем сол бір 1%-дан да аз тапсырушылардың қатарынан көрініп, өзі қалап отырған Нью-Йорк Университетіне түсуге бір қадам жақындады. Рүстем – информатика пәнінен олимпиадалар жүлдегері. Облыстық олимпиаданың 3 жыл қатарынан алтын медалінің; Республикалық олимпиаданың күміс және қола; Infomatrix Asia олимпиадасының алтын; Евразиялық олимпиаданың алтын медальдарының иегері. IELTS емтиханынан 7.0 балл көрсеткішіне ие. Оған қоса Рүстем «Алтын белгі» үміткері.
«Білім-Инновация» қорының өкілі Нұрбол Насырбекұлының айтуынша, оқушылар жалғыз АҚШ ЖОО-на ғана емес, әлемнің кез келген білім орнында өз таңдауы бойынша оқи алады дейді. Осы 1580 балмен тек қана Америкада 114 университетке құжат тапсырып, түсуге болады. Олардың ішінде Гарвард, Стэнфорд, Мичиган, Калифорния сияқты АҚШ-тың жүзден астам ЖОО-на жолдама алып отыр. Қаласа, Еуропа, Азия, соның ішінде Гонконг, Қытай елдерінің атақты оқу орындарына бара алады дейді маман.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы