Нұр-Сұлтанда «Ashyq» жобасына 300-ге жуық мекеме қатысып жатыр
Жобаға бұдан бөлек тестілік режимде жұмыс істейтін 70-тен астам субъект қатысуда
Нұр-Сұлтан қаласында «Ashyq» жобасымен жұмыс істеуге ниет білдірген кәсіпкерлік нысандар қатары күн санап артып келеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында «Ashyq» пилоттық жобасына 290 кәсіпкерлік субъектісі қатысуда. Оның ішінде 51 фитнес-клуб, 23 спа-орталық, 15 бассейн, 3 боулинг-клуб, 35 компьютерлік клуб, 22 сауна, 129 қоғамдық тамақтану ұйымы, 9 кинотетар, 2 театр, 1 филаромония бар.
Сонымен қатар, бүгінгі күні жобаға ресми қатысушылардан басқа, тестілік режимде жұмыс істейтін 70-тен астам субъект қатысуда.
«Ashyq» пилоттық жобасының негізгі мақсаты — келушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жұрт қоғамдық орындарға баруы себепті өзін-өзі оқшаулау режимін сақтамайды. Осылайша вирустың таралуы мүмкін фактілермен жиі күресуге тура келеді. Яғни, "Ashyq" жобасы адамның мекемеге кірген кезде оның мәртебесін көруіне мүмкіндік береді: байланыста болған, COVID-19 үшін теріс немесе оң тест.
Айта кетейік, қоғамдық мекемеге кірер алдында пайдаланушы арнайы QR-кодты сканерлейді және оны кіреберістегі әкімшіге ұсынады. Код келушінің мәртебесін анықтайды. Әр түске сәйкес мәртебе келесідей мағына береді:
«Қызыл» мәртебе — ПТР-тест тапсырып, коронавирус анықталған адамға беріледі. Мұндай мәртебе иелері үйде оқшаулану режимін қатаң сақтауы тиіс.
«Сары» – байланыста болған адамдарға берілетін мәртебе. Оларға азық-түлік алуға немесе үйдің жанындағы дәріханаға баруға рұқсат етілгенмен, басқа қоғамдық орындарға баруына тыйым салынады.
«Көк» — ауру жұқтырған адамдармен байланыста болған адамдар есебінде жоқ, ПТР-тест (мысалы әуежайда) талап етілетін жерлерден басқа кез келген орында еркін қозғалу дегенді білдіреді.
«Жасыл» – жүріп-тұруында шектеу жоғын білдіреді, мұндай адам базада COVID-19 індетіне ПТР-тестілеуі теріс нәтиже көрсеткен пайдаланушы болып саналады.