Елбасы Эверест шыңын бағындырған елордалық Мария Әуезоваға қолдау көрсететінін айтты
Мария Әуезова ҚХА сессиясында сөз сөйледі
Жақында биіктігі 5364 метр Эверест шыңын бағындарған елордалық Мария Әуезова Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясында сөз сөйлеп, еліміздің көк байрағын әлі талай шыңнан көрсеткісі келетінін жеткізді.
«Менің әкем – армян, анам – украин, ал мен қазақтың келінімін. Алты жыл бұрын ауыр дертке шалдығып, салдарынан екі аяғымнан айырылдым. Бұл жағдай мен үшін ауыр соқты. Мен қиын сәтте маған жасаған жақсылығы үшін жолдасыма әрдайым алғысымды білдіремін. Ол менің пауэрлифтингпен айналысуыма көмектесті. Нәтижесінде мен халықаралық жарыстарда жеңіске жетіп, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алдым. Ендіг арманым - бионикалық протез алып, қайта аяққа тұрып, осы жолды тағы бір рет өту», - деді Мария Әуезова.
Мария Азатованың табандылығына тәнті болған Нұрсұлтан Назарбаев спортшыға барынша қолдау көрсететінін айтты.
«Мен 1995 жылы Абайдың 150 жылдығына орай Абай шыңына көтерілдім. Оның биіктігі 4 700 метр болған. Көтерілу өз алдына, ал биіктіктен түсу одан да қиын. Сондықтан да сенің ынтаң мен жігерлігіңе алғысымды білдіремін. Көзің жанып тұр, жетістіктерің алда. Жолдасыңа да рахмет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан