Қандастар үшін ҰБТ тапсыру онлайн форматта өтуі тиіс – Мәжіліс

Депутат қандастарға бөлінетін квота тиісті деңгейде орындалмай жатқанын айтты

Қандастар үшін ҰБТ тапсыру онлайн форматта өтуі тиіс – Мәжіліс
көрнекі фото: kapital.kz

Мәжіліс депутаты Қазбек Иса Білім және ғылым министрлігінің қандастарға арналған ҰБТ-ны тапсыру тәсіліне сын айтты. Бұл туралы депутат Мәжілістің кезекті отырысында министр Асхат Аймағамбетовке жолдаған депутаттық сауалында айтты.

«15 сәуір күні Ұлттық тестілеу орталығының ресми парақшаларында жарияланған қандастарға арналған жазбасына назар аударсақ, биыл ҰБТ-ны офлайн форматта Қазақстанға келіп тапсырады делінген. Әлемнің көп елдерінде шекараның жабық екендігін, пандемияның келесі толқынының күшті болатынын ескерсек, шекараның маусым айына дейін ашылмайтыны белгілі. Яғни, біз Атамекенде білім алам деген қандастарымызды оқуға қабылдай алмай қалуымыз мүмкін», - деді Қазыбек Иса.

Депутат келтірген мәліметке сүйенсек, соңғы өткен құрылтайда Елбасы шетелдегі қазақ балаларының елімізде білім алуына жағдай жасауда қандастарға бөлінетін квотаны 2 есе көбейту туралы тапсырма берген. Алайда бұл гранттар толық игерілмеген екен. Себебі, қандас талапкерлер қолайсыздықтарға байланысты ҰБТ-ны тапсыра алмаған.

«Осы мәселелердің барлығын ескере отыра, шекара ашылмаған жағдайда, ҰБТ тапсырудың басқа жолдарын қарастыруды сұраймыз. Нақтырақ айтқанда, ҰБТ талаптарын қандастарға жеңілдетуді; тесті қандастар тұрып жатқан мемлекеттерге барып қабылдауды; елшіліктердің ғимаратарында ұйымдастыру; қандастарға қатысты ҰБТ-ны 2020 жылғы тәжірибені іске асырып, онлайн қабылдауды сұраймыз», - деді Қазбек Иса депутаттық сауалында.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.