Шымкентте ерекше құс табылды
Қызыл көзді құс қаладағы жануарлар бағына тапсырылды
Шымкенттегі жеке үйлердің алдынан ерекше құс табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Тұрғындар қызыл көзді құстың қайдан келгенін білмейді. Бірақ, қараусыз қалдырмай, өзі үйлеріне паналатыпты. Ертеңіне зообаққа хабарласып, мән-жайды баяндаған. Ел арасында көп кездеспейтін қанатты «Қызыл кітапқа» енген болуы мүмкін.
Үй ауласында ойын қуып жүрген шымкенттік Сауран Нышанғали есік алдынан ерекше құсты тауып алады. Мұндай қос қанаттыны бұрын-соңды көрмедік деген жасөспірім оны өзінде қалдыруды да ойлаған. Алайда, үй үлкендері зообаққа тапсыруды жөн санап отыр.
«Құсты есік алдынан көрдім. Сосын ұстап алдым. Үйге алып келдім. Сосын оны суға салып қойдым. Асыраймын ба деп ойладым. Көзіне қызықтым. Әдемі екен. Құмырсқа жинадық. Шылаушын іздедік. Бірақ, таппадық», - дейді қала тұрғыны Сауран Нышанғали.
«Интернеттен көрдік. Қандай құс бұл, аты қандай, не жейді деп іздедік. Бергенімізді жемей жатыр бірақ. Сонымен зообаққа звондадық қой. Олар алып кетеміз деді. Қорқып жатырмыз өліп қала ма деп. Зоопаркке аман-есен тапсырайық», - дейді қала тұрғыны Зияткүл Елбосиева.
Шымкенттегі «Құрсай» елдімекенінен табылған құс ақыры зообаққа жеткізілді. Құсты сұқсыр деп таныстырған мамандар оның «Қызыл кітапқа» енбегенін айтады. Алайда, ел арасында да көп кездеспейді екен. Таулы не сулы аумақты мекендейтін қос қанаттыны шалғайдан ұшып келген деп болжап отыр.
Енді Шымкент көшелерінен табылған сұқсыр зообақты мекен етеді. Айта кетейік, қызыл көзді құс қаладағы жануарлар бағында бұрын-соңды болмаған.