ШұғылБір тәулікте Қазақстанда 7691 адамнан коронавирус анықталды

Оралда бұрынғы әйелін пышақтап өлтірген күдікті қамауға алынды

Күдікті ретінде қалалық әкімдіктің бұрынғы қызметкері - марқұмның бұрынғы күйеуі ұсталды

фотосуретте: марқұм Айнагүл Хайруллина

19 сәуірде Орал қаласындағы темір-бетон конструкцияларын шығаратын зауыттың маңайынан 30 жастағы әйел табылды. Оның денесіне бірнеше пышақ жарақаты салынған. Полиция өкілдері әйелдің денесін көпсалалы ауруханаға жеткізіп, ондағы мамандар ресми түрде әйелдің биологиялық өлімін тіркеді.

Әйелдің денесі табылған күні 30 жастағы күдікті ұсталды, ол Бауыржан Хайруллин есімді марқұмның күйеуі болып шықты. «Мой город» порталының хабарлауынша, күдікті қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінде істеген.

21 сәуірде бұрынғы күйеуі пышақтап өлтірген Айнагүл Хайруллинаны ақтық сапарға шығарып салды. Марқұммен қоштасуға оның туыстары мен жақын араласатын достары келді.

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің айтуынша, сот санкциясымен отыз жастағы ер адамға екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазір оған қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.