ШұғылҮкімет тамызда карантиндік шектеу шараларын күшейтеді

Нұр-Сұлтанда 14 жасқа дейінгі балалар арасында коронавирус инфекциясының саны үш есеге артты

Инфекция жұқтыру балалардың барлық жас топтарында байқалады

Елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова мәлім еткендей, Нұр-Сұлтандағы CОVІD-19 ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып отыр, қала эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша бір айдан астам уақыт «қызыл аймақта» тұр, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

«Күніне 350-ден 650-ге дейін жағдай тіркеледі. Соңғы аптада сырқаттанушылық көрсеткіші алдыңғы аптадан 9,7%-ға жоғары, 100 мың тұрғынға шаққандағы қарқынды көрсеткіш 320,43 құрады. Репродуктивті саны — 1,021. Жыл басынан бері қаламызда науқастар саны 22 мыңнан асты, ал пандемия басталғаннан бері 41 214 жағдай тіркелді: 26 888 — симптоматикалық және 14 326 — асимптоматикалық. Тәулігіне 574 алғашқы жағдай тіркелді (406 симптоматикалық жағдай, 168 симптомсыз жағдай)», - деп түсіндірді елорда санитарлық дәрігері.

Жас құрылымы бойынша науқастардың ең жоғары деңгейі ересектер арасында тіркеледі, олар КВИ-мен ауырғандардың 79,9%-ын құрайды, балалар 17,3%-ды, жасөспірімдер 2,8%-ды құрайды. Сәуір айында наурыз айымен салыстырғанда егде жастағы адамдар арасында коронавирус жұқтыру жағдайларының 2,2%-ға өскені байқалады.

«Науқастар арасында 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы жағдайдың үш есе өскені байқалады. Қаңтарда – 571, ақпанда – 479, наурызда – 1106, сәуірде – 1790. Айтарлығы, инфекция жұқтыру балалардың барлық жас топтарында байқалады. Бұл ретте сәуір айында жалпы сырқаттанушылық көрсеткіші бойынша балалар үлесі 0,8%-ға азайды. Бұл әсіресе 7-10 жас аралығындағы (5,1%-дан 4,3%-ға дейін төмендеді), 11-14 жастағы (4,5%-дан 4,3%-ға дейін төмендеді) мектеп оқушыларына қатысты қабылданған шектеу іс-шараларының тиімділігін көрсетеді», - деп атап өтті Сархат Бейсенова.