Тағы бір қазақстандық ауыр атлет әлем чемпионы атағынан айырылды
Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) қазақстандық ауыр атлет Владимир Седовты 2009 жылғы әлем чемпионы атағынан және басқа да медальдерінен айырды

Владимир Седов допинг қолданғаны үшін 2008 және 2016 жылдар аралығында жеңіп алған барлық марапатын қайтаруы тиіс. Ол 2009 жылғы әлем чемпионатында және 2016 жылғы Азия чемпионатында алтын, 2011 және 2014 жылғы әлем чемпионаттарында күміс, 2013 жылғы әлем чемпионатында қола жеңіп алған болатын.
Айта кетейік, 2016 жылдың жазында IWF және Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) спортшының анализдерін қайта тексеріп, олардан тыйым салынған станозолол препаратын тапқан болатын. Екі жылға созылған тергеу аяқталғаннан кейін Седов сегіз жылға спорттан шеттетілді. Спортшы осымен екінші рет допинг дауына ілініп отыр. Сондай-ақ IWF оны сол жылы 2008 жылғы Олимпиададағы төртінші орыннан айырған еді.
Седовтың 2009 жылғы Кореядағы әлем чемпионатында жеңіп алған алтын медалі сол бәсекеде күміс алған әзербайжандық Низами Пашаевқа автоматты түрде берілді.
Естеріңізде болса, танымал зілтемірші Илья Ильин де 2008 жылы Пекинде, 2012 жылы Лондондағы Олимпиада алтындарынан айырылған еді.