$ 518.37  609.97  6.6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.12.2019, 15:53
Жаңалықтар

«Мүйізіңді сындырам»: «Алматы су» мекемесі басшыларының бірі жұмысшыларын балағаттаған

Еңбек дауы ереуілге ұласты

«Мүйізіңді сындырам»: «Алматы су» мекемесі басшыларының бірі жұмысшыларын балағаттаған

Алматы қаласының әкімдігіне қарайтын «Алматы су» МКК жұмысшылары басшыларынан көрген қорлықты айтып Azattyq Rýhy тілшісіне шағымданды.

Мекеменің Медеу аудандық бөлімшесі жұмысшыларының айтуынша, жаңадан келген бастық боқтықтың түр-түрін айтып, жұмысшыларды сыбайтын болған. Тіпті, жүгіріп келіп амандаспаса анайы сөздер қарапайым жұмысшыларға қардай борайды екен. Күннің суығына қарамастан бүлінген суық су мен кәріз құбырын қалпына келтіретін жұмысшылар шыдамдарының әбден таусылғанын айтады.

«Біздің аудандық бөлімге бір ай бұрын жаңа басшы келді. Өзі дымды түсінбейді. Сөйте тұра жұмысқа кедергі келтіреді. Жұмыстан шығарып жіберем, орындарыңа адам бар деп үнемі қорқытады. Қанша жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан жігіттер бар, бала-шағасын осы жұмыспен асырап отыр. Жұмыстың да, ұжымның да шырқын кетірді. Жұмысшылармен өте дөрекі сөйлеседі. Әке-шешемізден балағаттайды», - дейді «Алматы су» МКК инженері Еділ Мағзұмов.

Жұмысшылардың айтуынша, Медеу аудандық бөлімінің басшысы Ысқақ Бұрхан жұмысшылардан үнемі видео есеп талап ететін болған. Апаттық жерде жүріп жатқан жұмыстан бөлек, түскі ас ішіп отырған, жұмысқа келіп-кеткен сәттерді де телефонға түсіріп жіберуге міндетті. Ал, жұмыс көбіне жолдың бойында жүргізілетіндіктен камераға түсіріп жүру жұмысшылар үшін қауіпті.

«Апатты жерге барып, жолдың бойында жұмыс істеп жатқан әріптесімізді екі жыл бұрын машина қағып кеткен. Ол қазір мүгедек боп жатыр. Жолда камераға түсіру біздің міндетке жатпайды, әрі қауіпті. Қазір онсыз да дамыған заман. Көліктердің бәріне GPS орнатылған. Қайда, не істеп жүргенімізді біліп отырады. Бірақ, соған қарамастан балағаттайды. Үнемі видео есеп сұрайды. Сен сияқтылардың талайының мүйізін сындырғам деп қорқытады бастығымыз Ысқақ Бұрхан», - деп шағымданды «Алматы су мекемесінің бригадирі Самат Сағынбеков.

«Тапсырыспен кетіп бара жатқам. Маған саусағымен «бері кел» деді. Барсам, «сен неге амандаспайсың?  Мен сен сияқтылардың мүйізін қайырып жіберем. Сен кімсің?» деді. Аурусыңдар ма, жұмыстан шығарып жіберем, қолымда тұр деп қорқытады. Балағаттайды, оны сіздерге айтуға аузым бармайды. Депаратментте «крышам» бар деп бізді менсінбейді», - деді «Алматы су» МКК дәнекерлеушісі Тоқтарбай Жомарт.

Жұмысшылардың қарсылығына тап болған Ысқақ Бұрханның өзі болса, жұмысшылардың видео есебін Медеу аудандық әкімдігі талап ететінін айтады. Ол қоластындағы жұмысшыларды балағаттамай, керісінше «тәртіп» орнатуға тырысқан екен. Алайда, қармағындағы қырыққа жуық жұмысшы мұны өтірік деп отыр.

«Жұмыстан шығып кеткен ешкім жоқ. Видео жіберу чатының ашылуын түсіндірейін. Бізді Медеу ауданы үнемі тексеріп отырады. Медеу ауданы бойынша коммуналдық қызмет бөлімінде Асылжан бар. (Асылжан Ергеш, Медеу аудандық Коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы – ред.) Сол түнде де телефон соқты. Мен ұйқы уақыты болса да оған жауап беремін. Егер видео-дәлел жібермесе түсініктеме жазу керек. Ол рас. Ал, жұмысшыларды балағаттаған жоқпын», - дейді ұялы телефонындағы хаттарды көрсетіп кеткен Ысқақ Бұрхан.

Алматының ауыз суы мен кәріз құбырына жауап беретін мекемеде 3 500 жұмысшы бар. Жүз мың теңге шамасында жалақы алатын мамандар қаладағы 90 мың құдық пен 5 мың шақырымдық құбырдың жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Қарпайым жұмысшыларға сес көрсеткен аудандық бөлім бастығын орталықтан келген жауаптылар бірден жазалады. 

«Учаскенің бастығын бүгінен бастап уақытша жұмыстан шеттетеміз. Мекеменің өзі ішінде тергеу жүргіземіз. Қызметтік тексеру біткенше Ысқақ Бұрхан жұмысын тоқтатады. Бәрін қауіпсіздік қызметі бөлімі қарап, қортындысын шығарады. Бұрын мұндай жағдай мекемеде тіркелмеген», - деді «Алматы су» МКК су құбыры желілері департаментінің директоры Нұрке Мұратхан.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары