Ресей Олимпиада орындары мен әлем чемпионаттарынан 4 жылға шеттетілді
РУСАДА антидопингтік кодекске сай емес деп танылды
Ресейдің халықаралық жарыстар өткізуіне төрт жылға тыйым салынды. Мұндай шешімді Дүниежүзілік антидопингтік агенттік (WADA) атқару комитеті қабылдады, деп жазады РИА Новости.
Бұл ақпаратты Ресей антидопингтік агенттігінің (РУСАДА) басшысы Юрий Ганус растады.
25 қарашада CRC WADA Ресейдің халықаралық жарыстар өткізуіне төрт жылға тыйым салды. Дегенмен, аса ірі халықаралық жарыстарға допинг қолданбағанын дәлелдей алған ресейлік спортшылар нейтралды мәртебемен ғана қатыса алады. Және Ресей құрамасын ірі турнирлерде өз туымен өнер көрсету мүмкіндігінен айырды.
Сондай-ақ, Ресей олимпиадалық комитетінің жоғарғы басшылығының, оның ішінде ұйымның атқару комитетінің барлық мүшелерінің төрт жыл бойы ірі турнирлерге баруы мен қатысуын шектеу ұсынылды.
Дүйсенбіде Лозаннада WADA атқару комитетінің отырысы өтті. РУСАДА антидопингтік кодекске сай емес деп танылды.
Ресейдің WADA шешіміне қатысты Спорттық төрелік сотқа шағымдануға құқығы бар.