$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.04.2021, 16:39
Жаңалықтар

Биыл Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс мерекесі қалай аталып өтеді

Қазақстандық әскерилердің Мәскеудегі парадқа бармайтыны белгілі болды

 

 

Биыл Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс мерекесі қалай аталып өтеді
Фото: ашық дереккөзден

Биыл елімізде Отан қорғаушылар күніне арналған іс-шаралардың басым бөлігі онлайн форматта аталып өтеді. Сондай-ақ Жеңіс күніне арналған шеру болмайды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің өкілі, полковник Виталий Адамович онлайн-брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай биыл көптеген шара өткізу жоспарланған болатын. Оның ішінде мамыр айында аталып өтетін Отан қорғаушылар күні мен ардагерлерге құрмет көрсетілетін Жеңіс мерекесі де бар. Әрине, Қарулы күштер ардагерлеріне құрмет көрсету шаралары еліміздің барлық өңірінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып өткізіледі. Яғни, бұл мерекелер онлайн форматта өтеді», - деді Виталий Адамович.

Оның айтуынша, Қарулы күштердің ардагерлерін «Жас сарбаз» қозғалысының жас патриоттары құттықтап, бірқатар шара ұйымдастырмақ.

«7 мамырда қандай аймақ екеніне («қызыл», «жасыл» немесе «сары») қарамастан, еліміздің барлық өңірінде арнайы шаралар жергілікті басқару органдарының ұйымдастыруымен өтеді. Ашық есік күндері сонымен қатар, үздік әскери қызметшілер марапатталады», - деді ол.

Қорғаныс министрлігінің арнайы өкілі сондай-ақ, биыл қазақстандық әскерилердің Мәскеудегі парадқа бармайтынын айтты.

«Биыл қазақстандық әскерилердің Қызыл алаңда өтетін Жеңіс шеруіне қатысуы о бастан қарастырылған жоқ. Өздеріңіз білесіздер, былтыр біздің әскери қызметкерлеріміз Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 75 жылдығына орай Мәскеуде өткен шараға барып қайтқан болатын», - деді Виталий Адамович.

Серіктес жаңалықтары