Ел астанасында тұрамыз деп айтуға ұяламыз – батпаққа батқан елордалықтар мұңы

Көктем мен күзде, жаңбыр жауған күндері жаңа ықшамаудандағы үй арасы көлкіп, ми-батпаққа айналады

Көктемде елорда жұрты қар суымен әлекке түсіп, батпақ кешеді. Жылда осы жағдай қайталанады. Ел астанасының мұндай проблемадан көз ашпай келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл елорданың сол жағалауында кейінгі 5-6 жылдың көлемінде салынып, бой көтеріп келе жатқан ықшамаудан. Тұрғындардың айтуынша, көктем мен күзде, жаңбыр жауған күндері үй арасы көлкіп, ми-батпаққа айналады. Осылай жалғасып келе жатқанына бесінші жыл. Көлігі жоқтар үлкен жолға дейін аяғына целлофан қапшық байлап шығады.

«Осы жолды көріп тұрсыздар, қоларбамен шыға алмаймыз. Жұмысқа таңда шыққанда аяғымызға пакет киіп шығамыз», - дейді қала тұрғыны Нұрзат Әпенов.

«Еліміздің астанасында тұрамыз деп айту ұят. Мына үйді салған құрышыс компаниясы оны жақсылап сатты, оған да бардық, бірақ үнемі «Алдыңдар ма, бітті» деген жауап аламыз», - дейді келесі бір тұрғын Зәуре Мангазина.

Төңіректе он шақты көпқабатты үй, мектеп және тағы бірқатар әлеуметтік нысан орналасқан. Аралары алыс емес. Бірақ бірін-бірі жалғайтын жол жоқ. Көлік те, адам да алыстан айналып барады. Ал такси немесе жедел жәрдемнің келуі қиын. Тұрғындардың арызданып бармаған жерлері жоқ. Қала әкімдігі болса қаржы жоқ деп қол қусырып қарап отыр.

«Нұр-Сұлтан қаласында Бейсекова көшесінен Е430 көшесіне дейін № Е370 көшесін салу үшін жобалар әзірленді. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы бар. Қаржыландырудың болмауына байланысты жобаның нақты уақытын көрсету мүмкін емес», - деді Нұр-Сұлтан қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы.

Сөйтіп жоба бар. Қаржы жоқ. Мәселенің бүгін-ертең шешімін табуы екіталай. Алайда тұрғындардың жүріп-тұруы қиындап, балалар тысқа шығып ойнаудан қалған.  

«Мына жерден 300 метр, ана жерден 500 метр асфальт салынса болды. Әкімдікке айттық. Жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл не деген жауапсыз адамдар. Бұған балалар түсіп те кетуі мүмкін ғой», - дейді тұрғын Заида Төлеуленова.

«Міне, 200 метр қазып қойды. Қыстыгүні жатты. Соны ойлап жатқан бір адам баласы жоқ. Мына жерде қаншама халық тұрады», - дейді қала тұрғыны Бақытжан Ысақаев.

Елорданың инфрақұрылымына қатысты мәселені жақында Мемлекет басшысы да сынға алып, нақты шаралар қабылдауды тапсырған еді. Тұрғындар осыдан үмітті. Бірақ жергілікті биліктің оны орындауға шамасы жете ме, жетпей ме? Ол белгісіз.  

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.