Шұғыл«Тағы да антирекорд»: Қазақстанда өткен тәулікте 6 521 адамнан коронавирус анықталды

Президент Атырау және Ақтөбе облыстары әкімдерінің есебін тыңдады

Әкімдер коронавирус індетіне қарсы күрес бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты

 
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Атырау және Ақтөбе облыстарының әкімдері өңірлерде қалыптасқан қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайды телефон арқылы баяндады. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Президентке аймақ тұрғындарына вакцина салу барысы, ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының сұранысына байланысты вакцина көлемін арттыру қажеттігі туындап отырғаны туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыстың Үкіметпен бірлесе отырып, дамудың кешенді жоспарын әзірлеу жөніндегі Мемлекет басшысының бұған дейін берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндалды. Әкімнің айтуынша, аталған жоспардың іске асырылуы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырады.

«Мемлекет басшысы Атырау облысының әкіміне медициналық қызмет көрсету саласындағы өзекті мәселелерді шешу, сондай-ақ, мектептердегі білім беру сапасын арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді», - деп жазды Берік Уәли.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Президентке коронавирус індетіне қарсы күрес бойынша қабылданып жатқан шаралар жайында есеп берді. Сонымен қатар Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері, соның ішінде, инвестиция тарту, тұрғын үй салу, Индустрияландыру картасы аясындағы жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде баяндалды.

«Әңгімелесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Оңдасын Оразалинге өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға және азаматтарды вакциналау жұмыстарын жандандыруға қатысты бірқатар тапсырма берді», - делінген жазбада.