ШұғылКоронавирус пен КВИ пневмониясынан қайтыс болғандардың саны жарияланды

«Бұл - үшінші толқын емес»: Дәрігерлер Алматыдағы жағдайға баға берді

Алматыда инфекция жұқтыру бойынша жағдай ушығып тұр

Фотоколлаж

Қазақстан Үкіметі жанындағы ведомоствоаралық комиссия елдің «қызыл аймаққа» жақындап қалғаны туралы болжамдарын жария етті. Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына қарағанда 29 наурызда Қазақстандағы 4 өңір коронавирус бойынша «қызыл» аймаққа толықтай енді. Олар Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Атырау және Батыс Қазақстан облысы. Ал «сары аймаққа» Ақтөбе облысы, Алматы облысы және Қарағанды облыстары кірді. Қалған облыстар қазір «жасыл аймақта» қалды. 

Айта кету керек, Алматыда инфекция жұқтыру бойынша жағдай ушығып тұр. Бірақ қала әкімі мегаполисті толықтай жабуға ешқандай негіз жоқ деп санайды. Десе де шаһар билігі карантиндік шектеулерді тағы 15 күнге созды. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жексенбі күні «Almaty Live» телевизиялық бағдарламасында шаһарда коронавирустың үшінші толқыны жүріп жатыр, деп мәлімдеген еді. 

Azattyq Rýhy тілшісі қалыптасып отырған жағдайға орай тұрақты сарапшыларды сөзге тартты. Дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаевтың болжамына қарағанда, «COVID-19» сәуір айының соңына қарай ғана саябырсиды. Былтыр жаздағы тәжірибе көрсеткендей, қаладағы локдаун шаралары инфекциямен күресте тиімділігін көрсетті. Бұл жолы да билік табандылық танытып, қатаң карантиндік шараларды ұстанса, адам шығынына жол бермеуге мүмкіндік бар, дейді ғалым. 

«Болжам бойынша былтыр жаздағыдай біраз адам ауырады. Арасында ауырып шыққан адамдардың екінші рет жұқтырғанын жоққа шығаруға болмайды. Ол да мүмкін. Бірақ инфекция ары қарай тарауын тоқтатқан жоқ. Сондықтан иммунитеті бар кісілер де жеткілікті, жаппай қырылатындай үрей жоқ. Былтырғы жаздағы жағдай қайталана қоймайды.

Қарап отырсақ, былтыр маусым мен шілдеде адамдар екі ай ауырды. Бұл жолы да сондай жағдай қалыптасады. Наурызда басталды, сәуір айының аяғында аяқталады. Себебі карантиндік жағдайлар да былтырғыға ұқсас, қоғамдық тамақтану, адам көп жиналатын жерлерді жапты. Бұл дағдарыстан да шығамыз», - деді Мыңжылқы Бердіқожаев.

Танымал дәрігер қала билігі тарапынан «асыра сілтеушілік» те бар екенін байқағанын айтады. Қазір симптомы бар, симптомы жоқ науқастарды да жаппай клиникаларға жатқызу қолға алынды. Ауырды дегендердің арасында он пайыздайы ғана стационарлық жағдайда ем қабылдаса болады, қалғанын емдеу орындарына жатқызу міндет емес, дегенді айтты дәрігер.

«Бұл - үшінші толқын емес, бұл маусымдық асқыну дегенге жақын. Соның уақыты келді. Бұған дейін Еуропа, Ресейде тура осындай жағдай болды. Сол енді бізге келді.Ол жақта керісінше қалыпқа түсіп жатыр. Ол оңтүстік африкалық штам, британиялық штамның жүріп жатқанын айқындайды.

Бір қызығы қазір ауруханаға симптомсыз ауырып келгені болсын, басқасы болсын жаппай жатқызып жатқан сияқты. Оның ішінде 10 пайызы орташа ауыр науқас болса, 90 пайызы жеңіл ауырып жатқандар. Оларды орын толтыру үшін жатқызып, амбулаториялық ем алуға жатқызып отырғанын байқаймын», - дейді дәрігер. 

Қазақстанда 1987-1993 жылдары Денсаулық министрі  болған білікті дәрігер, денсаулық саласының үздігі Талапқали Ізмұхамедов те дәл қазіргі жағдайға орай пікірін айтты. Оның пайымынша, коронавирустың аса қауіпті екені байқалмайды. Керісінше, байбалам мен науқаншылдық басым. Бұл қазіргі мамандардың тәжірибесінің аздығын көрсетеді. Кәдімгі тұмаудан кішкене ғана ерекшелігі бар аурудың бұл түрін жеңуге болады. Ол үшін әр адам профилактика мен иммунитетіне көңіл бөлсе жеткілікті, дейді зейнеткер.  

«Біз дәрігерлер бұл коронавирустың байбалам көтеретіндей қаупін көріп отырған жоқпыз. Біздің тарихта холера, оспа, оба сияқты дерттер миллиондаған адамдарды алып кетті. Бұл ондай сипатқа ие емес. Ол тұмау сияқты адамдарға әсер етіп, соның әсерін беріп отыр. Ал өліп жатыр, қырылып жатыр деген статистикаға қарасақ, негізінен үлкен адамдар қайтыс болып жатқанын байқаймыз. Ол - табиғи құбылыс. Коронавирус бір жылда келіп қалған жоқ. Біз дәрігерлер білеміз, оның ашылғанына 20 жыл болды. Оның 40-тан астам түрі бар. Әр адамның денесінде 10 кг микроб бар. Олармен өмір сүріп жатырмыз. Олар біздің жауымыз емес», - дейді бұрынғы министр.  

Талапқали Ізмұхамедовтің айтуынша, КВИ де кетеді. Өмір жалғасады. Бірақ адамзатты түрлі жұқпалы аурудан құтқарған вакцина. Ендеше екпеден қашпау керек. Зейнеткер жасы сексенге келсе де, «COVID 19» вирустық инфекциясына қарсы вакцина салдырғанын айтады. Ол енді екінші компонентін күтіп отыр. Дәрігер халықты екпе салдырудан бас тартпауға шақырады. Жұқпалы дерттен қашық болудың қарапайым ережелерін сақтауға, бетперде тағу, иммунитетті көтеретін ас ішу және спортпен айналысуға кеңес береді. 

Ришат Асқарбекұлы, Алматы