Архимедтің шындығы: Қостанай басшысы желіде тараған видеоға жауап берді
Үкімет басшысы Асқар Маминнің Қостанайға жұмыс сапары қарсаңында тараған видеоның авторы облыс басшысынан кешірім сұрапты
27 қазан күні интернетте Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің «Бест Қостанай» диірмен кешенінің қызметкерлерімен кездескен видеосы тарап, онда аймақ басшысы қызметкерлерге «Диірменнің қуаты 1200 тонна. Сондықтан 1200 деп айтыңдар. Ал сендер 600-700 деп тұрсыңдар. Кім өлшеп жатыр?» дегенді айтады. Мұны кей БАҚ-тар «Әкім әдейі Премьер-министр Асқар Маминнің өңірге жұмыс сапарымен келуі алдында дайындалып, жұмысын асырып көрсету мақсатында жалған есеп әзірлеп жатыр» деп талқылады. Ал, мессенджерлерде бұл видео «Архимедтің лапшасы» деген атаумен тарады.
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясын өткізген Архимед Мұхамбетов аталған видеоға қатысты пікір білдіріп, видеодағы ақпарат жалған деп көрсетті.
«Сол диірмен кешенінде өндіріс қуаты тәулігіне 1200 тонна деп жазылып тұрды. Мен қызметкерлерден «Өндіріс қуаты қанша?» деп сұрадым. Олар «700, 800 тонна» деп жауап берді. Сосын мен «Жоқ, сендерде өндіріс қуаты 1200 тонна ғой. Неге жасырасыңдар?» дедім. Ал олар құзырлы органдар тарапынан тексеріс көп екенін айтты. Мен сонда «Сендерді кім тексеріп жатыр? Өндіріс қуатын кім өлшеп жатыр? 1200 болса, 1200 екенін айтыңдар» деп ескерттім. Міне, видеода сол жерін қиып алған да, елге таратып жіберген», - деді.
Әкімнің сөзіне сенсек, ол «Бест Қостанай» өндіріс орнына қазан айының басында барған. Ал Үкімет делегациясы 20 күн өткеннен кейін келген. Ал, YouTube желісіндегі видеожазбаға екі апта бойы ешкім назар аудармай, тек Үкімет басшысы Асқар Маминнің жұмыс сапары алдында біреулер теріс мақсатта қолданған.
«Видеоны түсірген адам кешірім сұрады. Сондықтан мен ешқандай арыз жазбадым. Сотқа барған жоқпын», - деді ол.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан