$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.12.2019, 14:30
Жаңалықтар

Гарри Поттер қазақша «сөйлейді»

Әлемдік бесцеллерді қазақ тіліне аудару идеясының авторы - Раиса Қадырқызы

Гарри Поттер қазақша «сөйлейді»
Фото: ашық дереккөзден

Жаңа жылда Джоан Роулингтің Гарри Поттер кітабы қазақ тілінде жарық көреді. Әлем халықтарының 80 тіліне аударылған шығарма кейіпкері бірінші рет қазақша сөйлейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Әлемдік бесцеллерді қазақ тіліне аудару идеясының авторы - Раиса Қадырқызы. Ол Моңғолияда туып, көп жыл Таяу Шығыс, Ұлыбритания, Германия мен Нидерландыда тұрған. Каирдағы Америка университетінде саясаттану және гуманитарлық бағыттар, Лондон университетінде шығыстану, Ерасмус университетінде қаржылық менеджмент саласы бойынша білім алған.

«Гарри Поттер туралы бұрыннан білемін. Бірақ Роулингтің қиял-ғажайып әлемімен отыз жастан асқан шағымда таныстым. 2012 жылы алты жасар ұлыммен бірге Гарри Поттердің бірінші кітабын ағылшын тілінде оқи бастадық. Кейінірек әпкем Ұлыбританиядан Гарри Поттердің барлық жеті кітабын сыйға әкеліп берді. Күнде кешкісін балама ертегі орнына оқып жүрген кітаптан ерекше әсер алдым. Шығармадағы оқиға желісі баланы былай қойғанда, ересек адамның өзін қызықтырып, қиялын алға жетелеп отырады», - дейді  Steppe World & Publishing баспасының негізін қалаушы Раиса Қадырқызы.

Кәсіпкер 2016 жылдан баспа ісіне ден қойып, Джулия Дональдсонның «Ақын қоян» және «Груффало», Эрик Карлдың «Қомағай жұлдызқұрт», «Анна Франктің күнделігі» кітаптарын қазақ тіліне аударған. Қазір Джоан Роулингтің  Гарри Поттер кітабын баспаға дайындап жатыр.

«Гарри Поттер кітаптары Италияның дүкен сөрелерінде –  итальян, Германияда –  неміс, Араб мемлекеттерінде –  араб, Түркияда – түрік тілінде тұрады. Гарри Поттерді моңғол, өзбек тілдерінде де таба аласыз. Бірақ қазақ тіліндегі нұсқасы жоқ. Балама жақсы әсер сыйлаған кітапты басқа қазақ балалары да оқуы керек деп шештім», - дейді идея авторы.

Раиса Қадырқызының айтуынша, кітапты аударуға рұқсат алу үшін бір жылға жуық уақыт кеткен. Оның мұқабасын да кез-келген баспахана жасай алмайды.

«Әзірге кітап мұқабасын жасауға рұқсат алған төрт баспаның ішінен Ұлыбританиядағы Bloomsbury баспасының үлгісін таңдадық. Алғашқы кітаптар осы баспаның мұқабасымен шығады. 2020 жылдың соңына қарай Bloomsbury баспасының иллюстрациялары қосылған Гарри Поттердің суреті көп, қалың нұсқасы жарық көреді», - деді ол.

Эльмира Мәмбетқызы, Петропавл 

Серіктес жаңалықтары